Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қызылорда әкімімен туыстық байланысы үшін жұмысынан кетті

25 мамыр 2022, 19:12

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Балжан Шәменова өз еркімен қызметінен кетті. Ол Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменовтың әпкесі болып шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл жөнінде Балжан Шәменова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

"2021 жылдың наурыз айынан бастап облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет еттім", - деді Балжан Шәменова.

Оның айтуынша, бір отбасынан шыққан екі адамның жоғары лауазымды қызметте жұмыс істеуі саяси тұрғыдан дұрыс емес.

"Өздеріңіз білесіздер, Нұрлыбек Нәлібаев облыс әкімі қызметіне тағайындалған уақыттан бастап, маған экономика, қаржы саласына жетекшілік етуді қосымша жүктелді. Дегенмен, сәуір айынан бастап туған ағамның баласы Асылбек Шәменов қала әкімі ретінде қызметке келді. Ол Жалағаш ауданы әкімі болған кезеңде маған тікелей бағыныштылығы жоқ болғандықтан, бұл жерде заңға қайшы әрекеттер орын алған жоқ. Бірақ сәуір айынан бастап, қаржы саласына жетекшілік ететіндіктен және інімнің қала әкімі қызметіне келуі себепті мен облыс әкімінің орынбасары қызметінен кету туралы шешім қабылдадым. Жас кадрларға жол берейік. Олар ел игілігі үшін жұмыс істеуі керек", - деді Шәменова.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өзінің бұрынғы орынбасары Балжан Шәменованы құрметпен шығарып салды. Кездесу барысында өңір басшысы Шәменованың облыстың дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, облыс әкімдігінің Құрмет грамотасын табыс етті.

Балжан Шәменова енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жауапты қызметте жұмыс істейтін болады.