Қызылордада ер адам полицияға өзін "антикор қызметкерімін" деп таныстырған

04 мамыр 2022, 22:14

Қызылордада "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде істеймін" деп мәселесін оңай шешкісі келген азамат анықталды. Тексере келе, оның жалған құжат ұсынғандығы белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Жалпы соңғы уақытта қолдан диплом, түрлі сертификат жасайтындар көбейген. Тіпті,  өзгенің атынан несие рәсімдейтін алаяқтар да өріп жүр.

34 жастағы қызылордалық азамат жол ережесін бұзып, бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Полицейлер тоқтатып, құжаттарын сұрағанда, ол өзін  "сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде істеймін" деп таныстырыпты. Алайда,тексере келе, оның жалған куәлік ұсынғандығы белгілі болған. 

"ҚР ҚК 385-бабының 3-бөлігімен, яғни жалған құжатты пайдалану дерегімен қылмыстық іс қозғалып, аталған азаматтан ұсынған қызметтік куіләк, антикор қызметкерлерінің, айғақ затр ретінде алынды. Қазіргі таңда тиісті тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптама тағайындалды", - дейді қалалық полиция басқармасының аға анықтаушысы Ахмет Қалманов.

Азаматтың қызметтік куәлікті қайдан алғаны әзірге белгісіз. Егер өзі жасап алғаны дәлелденсе, тағайындалар жаза да күшейеді. Білім саласын да бұл мәселе айналып өтпеді. Білдей 112 мұғалім  жалған диплом ұсынып, қызметте жоғарыламақ болыпты. 
"Құзырлы органдарға барлық құжаттар ұсынылып, қазіргі таңда құзырлы орындар тарапынан жұмыстар жасалуда. Арнаулы білімі бар тұлғалар, педагогтар өзінің арнайы білім бойынша алған дипломдарымен жұмысын жалғастыруда. Ал арнайы білімі жоқ диплом алған педагогтар жұмыстарынан босатылды", - дейді Қызылорда облысы білім басқармасының бас маманы Ақсәуле Ахмет.

Әлеуметтік желіге кірсеңіз, онлайн байқаулардан көз сүрінеді. Барлығы да сертификат, дипломдарымен көпшілікті қызықтырады. Бірақ оның түпнұсқа екендігіне  кепілдік жоқ. Сонымен қатар, соңғы уақытта жүргізуші куәлігін тез әрі оңай аламыз деп сан соғып қалғандар да көбейді. Осындай келеңсіздіктердің жолын кесу үшін мамандар цифрлық жүйені жетілдіріп жатырмыз дейді. 

"Жеке куәлікке емтихан тапсырушы азаматтар теориялық экзаменге кірер алдында бірінші биометриа арқылы өздерін сәйкестендіруден өткізеді. Бұл келеңсіз жағдайларды болдырмау, демек емтиханға қызмет алушы тұлғаның орнына басқа азаматтың кіруіне кедергі есебінде сыбайластықтың алдын алу болып келеді", - дейді Азаматтарға арналған үкімет мамандары.

Қызылорда облыстық прокуратурасы да қазір жалған құжат жасаушылардың көп екенін айтады. Былтыр   90 дерек тіркелген. Ал биыл бірінші тоқсан бойынша-  54 жағдай анықталған.   

Электронды құжаттардың пайда болуымен өзгенің атынан несие рәсімдейтіндердің  де  саны артқан. Заңгерлер мұндай алаяқтардың құрбаны болмас үшін банкте тіркелген нөмірді көпшіліктен құпия ұстауға кеңес береді.