"Лениннің заманынан қалған пойыздар": Қазақстандықтар еліміздегі теміржол тасымалына шағымдануда

28 шілде 2021, 14:23

Қазақстандықтар еліміздегі теміржол қызметіне шағымдануда. Олардың сөздерінше, жаздыгүні пойыздарға отыру мүмкін емес, жолаушыларға жағдай мүлдем жасалмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматылық Гүлмира Сәулебекова есімді желі қолданушысы Алакөлге демалысқа пойызбен барамын деп көресіні көргенін айтады.

“Пойыздардағы желдеткіштер істен шыққан, купедегі терезелер ашылмайды. Далада +42 градустық ыстық болса, купеде +52 градус. Жолсерік күні-түні пойыздың есігін ашып, ұстап тұруға мәжбүр болды. Балалардың басына орамал сулап, жауып отырдық. Түнде шыға берістің жанында отырдық. Вагондар сонау Лениннің заманынан бері қалып қойған. Біз басқа елдерден әлдеқайда артта қалып қойғанбыз. Демалысқа барғанымды ҚТЖ желкемнен сығып алды. Мен өз ақшамды қайтаруды талап етемін”, – дейді ол. 

Атырау тұрғыны Аманжол Жұмағалиев те осыған ұқсас жағдайға тап болған. 

“Маңғыстау-Атырау бағытында жол жүрген болатынбыз. Пойыз қозғалған кезде жолсеріктен желдеткіштердің істен шыққанын, “даладан жел соғуы керек” деген бейқам жауабын алдық. Вагондарда ыстыққа шыдамай, жылап отырған балалар көп болды. Тіпті телефон қуаттайтын тоқ таба алмадық. Ал дәретхана мен қолжуғышта су ақырын ағып тұрды. Мұндай 80-жылдардан қалған пойыздар қызметі үшін ақша алып отырған ҚТЖ басшылығына сәлем жолдағым келеді. Тәуелсіздігіне 30 жыл болған мемлекеттің жетістігі осы ескі пойыздар ма?” – дейді ер азамат. 

Өз кезегінде "ҚТЖ" ҰҚ " АҚ өкілдері аталған оқиға бойынша қызметтік тексеру басталғанын, тексеріс нәтижелері алдағы уақытта жариялатынын сөз етті.