Лифтіде күйеуінен зәбір көрген елордалық әйел істі сотқа жеткізетінін айтты

13 маусым 2022, 16:28

Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үйдің лифтінде күйеуі ұрып-соққан әйел істі сотқа жеткізгісі келеді. Ол жұбайын кешірмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова айтты, деп хабарлайды Stan.kzақпарат агенттігі.

"Мен жәбірленушімен тығыз байланыстамын. Қылмыстық іс тіркелді. Алайда іс әлі сотқа жеткен жоқ. Оқиғадан кейін отбасы Шымкентке көшіп кеткен. Негізінде олар Нұр-Сұлтанда мүлдем тұрмаған. Әйел қазір балаларымен бірге ата-анасының үйінде тұрып жатыр. Ал күйеуі өз отбасымен. Ол келіншектің күйеуін кешіретін ниеті жоқ. Істі сотқа жеткізбек", - деп хабарлады Гүлмира Шрахметова брифингте.

Оның айтуынша, дәл осындай жағдайлар отбасында бұрын да болған. Бірақ ол кезде мұндай мәселелер үстел басында талқыланбаған. Анасы келінімен бір бөлек, ұлымен бір бөлек оңашада сөйлескен. Оның жанжалдан хабары бар болып шықты.

Жәбірленушінің жұбайына қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған болатын, алайда оның мерзімі аяқталды.
"Осыдан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанынан күйеуіне қатысты ешқандай өтініш, шағым түскен жоқ", - деп толықтырды жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Айтмағамбетов.

Сот ісі Нұр-Сұлтанда қаралуда. Полиция барлығы заңнама аясында өтеді деп сендірді.