Лотереядан көлік ұтып алған қазақстандық азамат ұтысын қайырымдылыққа жұмсамақ

24 қаңтар 2022, 16:19

Нұрлыбек Иманбаев автолотереядан көлік ұтып алып, қазақстандықтарды тәнті етті. Жеңімпаз ұйымдастырушылардан ұтысты ақшалай беруді сұрап, оны қайырымдылыққа жұмсайтынын айтқан, деп хабарлады Sputnik Қазақстан. 

Лотерея ұйымдастырушыларының хабарлауынша, Нұрлыбек – БҚО-да гарнизонда қызмет атқаратын әскери қызметкер. Ол құны 7 млн. 519 мың теңге тұратын, 2018 жылы шыққан Hyunday Accent көлігін жеңіп алған. 

Нұрлыбек қаржының бір бөлігін Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған Дәулет Жұпарбеков пен Мейірхан Бітімнің отбасына бермек. 

Тағы бір бөлігін көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз етіп жүрген "Харекет" қорына аудармақ. 
Ақшаның үшінші бөлігін әскери Оралда тұратын 5 жасар қыздың еміне аудармақ. Оған қымбат ота жасату қажет. 

Автолотерея ұйымдастырушылары қайырымды жеңімпаздың бастамасын қолдады. 

Жақын күндері Нұрлыбек Алматыға барып, қажетті құжаттарды рәсімдемек.