Маңғыстау облысында қатты жел ғимараттардың шатырын ұшырды (видео)

21 мамыр 2022, 10:36

Маңғыстау облысында қатты жел соғып, үйлер мен ғимараттардың шатыры ұшып кетті. Желден Бейнеу ауылы қатты зардап шекті. Кейбір тұрғындар газсыз қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысы ТЖД ақпаратынша, Бейнеу ауылында қатты желден Мәдениет үйі мен №3 емхананың шатырлары ұшып кеткен.

Сондай-ақ, Уәли көшесіндегі газ құбырына жартылай зақым келді. Салдарынан төрт жер үй газсыз қалды.

"Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда "ҚазТрансГазАймақ" АҚ мен "Бейнеуэнергосервис"АҚ жұмысшылары жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр", - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті

Бұған дейін өңір тұрғындарына жел күшейіп, жаңбыр жауатыны туралы хабар берілген.