Маңғыстауда 1 млн теңгенің грантын ұтып алған оқушының директоры балаға ақшаны қалай қайтаратынын білмей отыр

13 желтоқсан 2021, 17:52

Маңғыстау облысында конкурстан ұтқан 1 млн теңгенің грантын мектепке сыйлаған оқушының отбасы миллионер емес, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

 
4-сыныпта оқитын Азамат Тоқсанбайдың анасы – мұғалім, әкесі – қарапайым жұмысшы.

Байқаудан жүлдегер атанған оқушы көпбалалы отбасынан шыққан. Ауылда қарапайым күн кешіп жатқан жанұяның мектепке миллион теңгенің құралын беретіндей мүмкіндігі де жоқ. Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі оқушы жүлдесінің мектепке берілуін айыптап, ақшаның иесіне қайтарылатынын мәлімдеген еді. Алайда, мектеп директоры грант ақшалай емес, заттай табыс етілгендіктен, қаржыны қайтарудың жолын білмей отырғандарын айтты.

«Оқушының ата-анасы млн теңге тарту ететіндей миллионер емес. Қарапайым ауылда күн кешіп жатқан адамдар. Қоғамда оқушының 1 млн теңгесіне мектеп басшылығы «зат алғызыпты» деген ақпарат тарап, сөздің бәрі маған тиіп жатыр. Мен ешкімге ешқандай зат алғызған жоқпын. Былтыр осы Өтес мектебіне тағайындалдым. Осы ауылда тудым, осы мектептің түлегімін. Кеше министрлік ақшаны қайтарады деді. Оны қалай қайтарудың жолын мен білмеймін, Білім басқармасы өздері жолын тауып шешпесе… Өйткені, біз ақшаны алған жоқпыз. Тарту етілген заттарды да біз сатып алмадық, мұғалімнің таңдауымен ұйымдастырушылар әкеліп берді. Интерактивті тақтаны Азаматтың сыныбына қойдық. Оқушының жетекшісі, әрі анасы өзіне ноутбук пен принтер алғызды. Одан бөлек 10 дана гүлдің құмыраларын мектепке сыйлады. Ақпарат әу баста дұрыс тарамады. Аталған жағдай бойынша басқармаға есеп бердім. Қуанышты жаңалықтың дұрыс таралуына әу баста мән бермеппіз», - деді Маңғыстау ауданы Өтес орта мектебінің директоры Гүлсім Нәдірова.

Физика пәнінің мұғалімі Гүлзира Тауирова жобаға қатысқан. Ол ғылыми жұмысына өзі жетекшілік ететін ұлы Азамат Тоқсанбайдың жасаған есептеуіш құралын байқауға жіберген. Нәтижесінде қазан айында жақсы хабар келіп, Азамат жобаның жеңімпазы атанды. Желтоқсан айында ұйымдастырушы қордың мүшелері келіп, жеңімпаздарға жүлделерін сыйлап кеткен.

«Үлкен жүректі кішкентай адам. Өтестік 4-сынып оқушысы өзі ұтып алған 1 млн теңгені мектебіне сыйлады. Өтес орта мектебінің 4-сынып оқушысы Азамат Тоқсанбай ағаштан жылдам есептегіш ойын құралын жасап, республикалық әлеуметтік жобалар сайысынан 1 млн теңге ұтып алды. Ол осы қаражатқа өзі оқитын мектепке заманауи құрал – интерактивті тақта мен гүл құмыраларын тарту етті», - деген ақпаратты Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі таратып жіберген.
Әкімдіктің жазған теріс хабары қоғамға тараған соң, ол қоғамда наразылық тудырып, ел оң-солын толық танымаған баланың қаражатын кері қайтаруды талап етті. «Азаматтарды қолдау орталығының» қолдауымен биыл конукурсқа қатысушылар арасында 30 ауыл мектебінің әрқайсысына 1 млн теңгеден шағын грант бөлінген. Байқауға 150-ден астам мектептен ұсыныс түскен. Үміткерлер мектептің кітапхана қорын жаңартып немесе аумағын абаттандырып, сыныпты жаңа қондырғымен жабдықтағысы келсе ғана конкурсқа қатыса алады. Бұл байқау ұйымдастырушыларының талабы. Яғни, жеңіске жеткен оқушыға да, мұғалімге де ақша немесе сыйлық жеке басына берілмейді. Бұл Әлия Назарбаеваның қоры ұйымдастырған әлеуметтік жобада 1 млн теңгеге есептелген гратты мұғалім мектепке жұмсауы тиіс.

«Төрт балам бар, Азамат тұңғышым. Жолдасым газ компаниясында оператор. Ауылда ел қатарлы қарапайым өмір сүріп жатырмыз. Миллионер емеспіз. Егер 1 млн теңгені жеке басымызға берсе баламның атынан депозит ашып, салып қояр едім. Грантты ұтуға ұлым екеуміз себепші болғанмен, ол мектепке берілген. Менің сыныбым интерактивті тақтамен жабдықталғандықтан жүлдеге берілген затты ұлымның сыныбына қойдық. Ұлым жастайынан зерек, кішкентайынан сандарды санауды жақсы үйренген. Математика пәніне қызығушылығының арқасында қашықтықтан оқыту кезінде осындай жылдам есептегіш құралдарын алғашқыда үйде түрлі-түсті қағаздар, картон, ыстық желімнің, қайшының көмегімен жасай бастаған. Бұл құралдарды жасауға атасы да көмектескен. Кейін құралдарды атасы екеуі бірігіп, күнделікті қолдануға ағаш шеберхасына апарып жасатты. Қазіргі таңда оны інісі қолданады. Құралға мектеп оқушылары да қызыққан. Есептеуіш құралын сыныптастары да, мектебіндегі өзге оқушылар да қолданады. Азаматтың ойынша, балалар үнемі жазып, оқи бергеннен жалығады. Ұлымның арманы – осы өзі ойлап тапқан заты дүкен сөрелерінде сатылса, өзі қатарлы балалардың оқу үлгеріміне көмектессе. Бұл ойын құралдарын қолданғанда, баланың логикасы дамиды, шапшаңдықты, тапқырлықты үйренеді, саусақтың моторикасын дамытады», - деді Өтес орта мектебінің мұғалімі Гүлзира Тауирова.