Маугли-балалар оқиғасы: Екібастұзда медицина қызметкерлері сөгіс алды

18 ақпан 2022, 16:48

Екібастұзда бірнеше баланың аш-жалаңаш қалғаны белгілі болғаннан кейін медицина қызметкерлері сөгіс алды. Жергілікті Pavlodarnews.kz хабарлауынша, қызметтік тергеуді Павлодар облысының әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы жүргізеді.

"Ақсу ауруханасында босандыруға жауапты мамандар жазаланды. Ақсу қалалық ауруханасының бас дәрігері сөгіс алды, Екібастұздың бірнеше медицина қызметкеріне ескерту жасалып, сөгіс берілді", - деп мәлімдеді денсаулық басқармасының басшысы Айдар Сейтқазинов.

Оның айтуынша, жүдеу табылған балалардың жағдайын бақылауға алуға жауапты болған мамандар жазаланды.

Ал балалар қазір облыстық балалар ауруханасының инфекциялық аурулар бөлімінде жатыр.

"Олардың генетикалық ауруы болуы мүмкін. Ата-анасының айтуынша, олар бұрын жүрген, бірақ кейін біртіндеп жүрмейтін болған", - деді облыстың бас дәрігері.

Диагнозды анықтау үшін балаларға бірнеше тексеру жүргізіледі. Оның ішінде КТ, УДЗ, гормондар тексеру бар. Павлодарлық дәрігерлер Нұр-Сұлтандағы ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының мамандарымен бірлесіп балаларға диагноз қойып, емдеу жолын анықтайды.

Еске сала кетсек, Екібастұзда волонтерлер, полиция қызметкерлері мен қамқоршылық органдары аш қалған төрт баланы анықтады. Берекесіз отбасы туралы полицияға көршілері хабарлаған.

Мекенжайға келген тиісті орган өкілдері 7, 5, 4 және 3 жасар науқас балаларды көреді. Олардың бірінің іші үлкейіп кетсе, бірі екі күннен бері құсып жатқаны белгілі болды. Үйде тамақ болмауына байланысты балалар үш күннен бері нәр татпаған. Тіпті балалардың бәрі киімсіз болған.

Балалардың анасы 1994 жылы туған, ал әкесі "Богатырь Көмір" ЖШС көмір өндіруші кәсіпорынның мердігер мекемелерінің бірінде жұмыс істейді. Отбасы үнемі көшіп-қонып жүрген.

Осы оқиғадан кейін Екібастұз және Ақсу қалаларының әкімдері сөгіс алды.