Майқұдықта подъезде болған оқиғаға қатысты полиция түсініктеме берді

12 қазан 2021, 11:23

Әлеуметтік желіде қаңғыған итті көп қабатты үйдің подъездінен шығаруға тырысқан полиция қызметкерінің видеосы тараған еді. Қарағандыда полиция департаментіндегілер оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Белсенділер полиция қызметкерін қатігездік танытты деп айыптаған. "Кімнің иті екені белгісіз, бірақ полицейді тұрғындар шақырған. Әрі қарай видеоны саламын, таратуларыңызды сұраймын. Иттің бетіне бірдеңе шашты, таяқпен ұрып, есікке қысты". – деп жазды желі қолданушысы.

 
Алайда аймақтық полиция департаментінде полиция қызметкерінің іс-әрекеті дұрыс деп есептейді. Егер ит подъезде қалса, тұрғындарға шабуыл жасауы да мүмкін дейді.

"Оқиға Майқұдықта болған. 102 нөміріне тұрғындардың бірі хабарласып, "Восток-5" ықшам ауданындағы №8 үйдің подъезінде иттің жүргенін айтты. Қызметкерлер итті байлау үшін мойнына жіп лақтырмақ болған. Бірақ ит бұған бой бермеген. Бұдан кейін полицейлер иттерді аулауға арналған арнайы қызмет келгенше итті ұстап тұруға тырысқан. Бірақ ит агрессия танытқандықтан, арнайы құрал қолдануға тура келді. Әрі итті ешкім ұрған жоқ. Бұрышқа апарып, байлау үшін үркіткен. Мойнына жіп байлаған соң, итті подъезден шығарған", - деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер. 

Сонымен қатар ведомствода жануар адамдарға қауіп төндірсе, арнайы құралдарды және қаруды да қолдануға болатынын айтты. 

Аймақтық Ветеринария басқармасында да оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ведомстводағылар қаладағы үйсіз жануарлар саны азаймай тұрғанын мәлімдеді. Бұған тұрғындардың да кінәсі бар екенін айтады. Себебі жазда иттерді саяжайларын қорғау үшін алып, қыста оларды тастап кетеді дейді. 

"Полицейлер орын алған жағдайға байланысты жұмыс істеді. Егер ит баланы немесе ересек адамды қауып алса, бұдан да жаман болар еді. Құтырма ауруы жұғып кетсе ше? Мұндай жағдай болуы да мүмкін. Сондықтан тұрғындардан осындай оқиғалар қайталанбау үшін, жануарларға жауапкершілікпен қарауын сұраймыз", - деп қосты ведомство қызметкерлері.

Подъезден ұсталған ит қазір еріктілердің қарауында. Олар жануардың жағдайы жақсы екенін айтады.  

 Бұған дейін Қарағандыда полицейдің итті ұрып-соққан видеосы жарияланғаны туралы хабарлаған едік.