"Мәйіттерді өртеуіміз керек пе": Алматы облысының тұрғындары зират маңындағы құрылысқа қарсы шықты

05 қазан 2021, 22:39

Алматы облысындағы Райымбек ауылдық округінің тұрғындары зират маңындағы құрылыс алаңының салынуына наразылық білдірді, деп хабарлайды  “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Адамдардың айтуынша, зират ауласының жанындағы жер жеке меншікке өтіп кеткен. Жер иесі онда тұрғын үйлер салуды көздеп отыр. Жердің иесі халық құрлысқа кедергі келтірсе, қабірлерді қазіп тастайтынын айтып қорқытқан. 

 
Ауыл тұрғындары туыстарының зиратын соңына дейін қорғауға әзір екендерін жеткізді.

Пандемия басталғаннан бері Райымбек ауылдық округіндегі зираттағы жаңа қабірлердің саны айтарлықтай өсті. Жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары жақын арада мұнда ешкімді жерлей алмай қаламыз деп қорқады. Өйткені зират маңындағы жер сатылып кеткен. 

“Олар зират маңынан үй салуды бастаймыз деп отыр. Зираттың айналасы санитарлық аймақ болуы керек. Пандемияға байланысты қаншама адам осы зиратқа жерленді. Мұндай аймақ қалай сатылып кеткен”, – дейді тұрғындардың бірі Халид Гасанов. 

Жердің жаңа қожайыны нысанды қабірлердің жанынан салуға ниетті. Ол қазірдің өзінде зират аумағын қазуды бастады. Бірақ қандай да бір себептермен бұл жұмыстар түнде жүргізіліп жатыр.

“Бұл жер зират үшін Кеңес заманында бөлінген. Аумағы қоршалған. Бірақ жердің иесімін деген адам жерді қазуды бастап кетті. Және олар мұны түнде барлық адамдар ұйықтап жатқанда жасайды. Біз қабірлерді бульдозермен тазалауымыз керек дейді. Қалай ғана мұндай әрекетке бара алады”, – дейді тұрғындардың бірі Ғалымжан Сырлыбаев.

Белгілі болғандай, зират аумағы несиеге кепіл ретінде аукционда сатылған. Бірақ бұл жерді сату заңсыз дейді халық.

“Біз мәйіттерді өртеуіміз керек пе? Шенеуніктер тек ақша туралы ойлайды. Олар заңнан да, Алладан да қорықпайды”,  – дейді тұрғындардың бірі Садық Мәйденов. 

Жедің кімге тиесілі екеніне шенеуніктер жауап бере алмады. Олар бұл мәселені бір жақты ететіндерін айтты. 

“Енді біз тұрғындардың өтініштерін қабылдап, кадастрлық бөлімге және жер комитетіне жібереміз. Ал бізге олардың жер учаскесінің немесе қабірінің шекарасы орналасқан жер учаскесін түсіру тапсырылады. Комиссия бір апта ішінде құрылады”, – дейді Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Төленбаев. 

Олар жергілікті тұрғындардан жағдайды ушықтырмауды сұрады. Ауыл тұрғындары қайтыс болған туыстарының тыныштығы бұзылмауы үшін тіпті бульдозерлердің астында жатуға дайын екендіктерін айтты.