Мемлекеттік аудит қызметкерлері бухгалтерлерді киілген киімдерді сатуға мәжбүрлеген

25 мамыр 2022, 22:18

Қызылорда облысында Мемлекеттік аудит қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр. Олар лауазымды өкілеттіліктерін асыра пайдаланды және пара алды деп айыпталуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі аудиторлық тексеру жүргізу барысында бірнеше рет пара алғаны үшін Қызылорда облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы мен бас маман-мемлекеттік аудиторына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Аудиторлық тексеру жүргізу кезінде аталған тұлғалар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, "Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" ММ-не бағынысты мекеме бухгалтерлеріне киілген киімдерді (пальто, күртеше, орамал) көтеріңкі бағамен өткізуді талап етіп, сатудан түскен 456 000 теңге ақшалай қаражатты өз қалтасына алғандығы анықталды», - деп көрсетті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Өзге ақпараттар тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.