Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес

29 қаңтар 2011, 17:40

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Болашақты бірге құрайық» атты Жолдауы

Қадірлі отандастар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!

Биылғы жыл — ерекше қастерлі жыл. Біз ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам бастық. Бодан жұртты бүгінгідей бостан күнге жеткізген бұл жолда біз биік белестерді бағындырдық. Естеріңізде болар, 1997 жылы халыққа алғашқы Жолда­уымда мен былай деген едім: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады». Осы сөздерге кезінде күмән келтіргендер аз болған жоқ. Дегенмен діттеген бұл межеге 33 жылда емес, бір мүшел жаста ғана жеттік! Күні кеше Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит – соның айшықты айғағы. Жұлдызымызды жарқырата түскен бұл мерейлі белестен бұрын да біршама биіктерді бағындырдық. Біз талайлы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын Атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық. Осы жылдары шетелдерден 800 мыңнан астам отандасымыз келіп, халқымыздың саны 1 жарым миллион адамға артты. Біз Сарыарқаның сайын даласына сәулеті мен дәулеті келіскен Астана салдық. Есілдің жағасына серпінді дамуымыздың символы болған еңселі елорданы қондырдық. Халқы тату-тәтті, саясаты сарабдал елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады.
Қазақстанның халықаралық резерві бүгін – 60 миллиард долларға жуық. «Ырыс ынтымаққа жолығады, дәулет бірлікпен толығады» деген сөз бар.
Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Сонымен қатар біз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығаратын болдық. Бүгінде ұлт­тық дәулетіміздің үштен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құралады. Ауыл шаруа­­шылығы саласы да дамып келе жат­қа­нын білесіздер. Жалпы ішкі өнім өсімі өткен жы­лы – 7 пайыз, өнеркәсіп өндірісі – 10 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 19 пайыз мөл­­шер­ді құрады. Бұл аз жетістік емес. Орташа айлық жалақы 2007 жылы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейін артты. Ұлт­тық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекет­терінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-орынға көтерілді. Біздегі орташа айлық жалақы – бес жарым есеге, зейнетақының орташа көлемі төрт есеге көбейді.
Біз дүниені дүрбелеңге салған дағда­рыстан демікпей шығып, дамудың даңғыл жолына батыл бет бұрдық. Алдымызға ұлан-ғайыр мақсаттар қойдық және оларға қысқа мерзімде қол жеткіздік. Тәуелсіздік жылдарында 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Медицина меке­мелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды. Еліміз білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында келеді. Өткен онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейді. Осы жылдары 750 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар 5300-ден артық мектепке дейінгі мекеме,1100-ден артық балабақша мен 4200 орталық ашылды. Астанада ғылым мен білім индустрия­сының жаңа ғасырдағы орталығы болатын университет ашылды. Біз осылайша аз жылда алапаты артқан айбынды елге, қуатты ұлтқа айналдық. Осының бәрі жұр­ты­мызды жаһандық ауқымда ойлауға баулу мақсатында жасалуда.
1. Жедел экономикалық модернизация – үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасының жалғасы
«Құрметті осы жиынға қатысып отыр­ған қазақстандықтар мен депутаттар! Біз Тәу­елсіздіктің 20 жылдық белесіне жеттік. Орасан үлкен мақсаттар қойдық және оған қол жеткіздік. Ел дамуының тек бір ғана ин­теграцияланған көрсеткішін келтіремін. 1994 жылы еліміздегі жан басына шақ­қандағы жалпы ішкі өнім 700 доллардан сәл ғана асатын, ал 2011 жылдың 1 қаңтарында 12 еседен астамға өсті және 9 мың долларды құрады. Біз өз жоспарымызда мұндай деңгейге тек 2015 жылы жетуді көздеген болатынбыз. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында мұндай нәтижеге ешбір ел қол жеткізген емес. Мысалы, бүгінде әлемдегі дамыған мемлекеттердің бірі Оңтүстік Корея тәуелсіз дамуының алғашқы онжылдығында халқының жан басына шаққанда ЖІӨ-ні үш есе өсірсе, Малайзияда – екі есе, Сингапурда – төрт есе, Венгрияда — бес есе, Польшада — төрт есе, Қазақстанда 12 есе артқан», – деп Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, Қазақ елінің барыстай қарыштап дамып жатқаны мерейімізді өсіреді. «2010 жылы қаңтарда халыққа арнаған Жолдауымда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасын жариялаған едім. Бір жылдың ішінде оны жүзеге асырудың нақты нәти­желері бар. Біз 152 кәсіпорынды іске қос­тық, 24 мыңнан аса қазақстандықты тұрақ­ты жұмыспен қамтамасыз еттік. Бүкіл ел бойынша әртүрлі 800 өндіріс құрылды. Біз химиялық және жеңіл өнеркәсіпті белсенді қалпына келтіру және дамыту үрдісін бастадық, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде серпіліс жасадық. 2014 жылға дейін 8,1 трлн теңге көлемінде 294 жоба жүзеге асырылуы жоспарлануда. 161 мың тұрақты жұмыс орны, құрылыс кезінде 207 мың жұмыс орны ашылады. Бірінші ин­дустриялық бесжылдықтың алғашқы жыл­дарының басты қорытындысы біздің эконо­микамыздың нақты секторының арқасында экономикалық өсімде салмақты құры­лымдық өзгерістердің басталуы болып саналады», – деді Елбасы.
«Сіздерге таяу онжылдықтағы стра­тегиялық жоспардың мақсаты туралы тағы қайталап еске саламын», – деген Мемлекет басшысы Қазақстанның 2020 жылға дейін төмендегідей көрсеткіштерге қол жеткізуі қажеттігіне тоқталды.
Атап айтқанда, жалпы ішкі өнім 30 пайыздан кем болмайды, қайта өңдеуші салалар артады немесе өндіруші салалар деңгейіне жететін болады. Ал Ұлттық қор активтері елдің ЖІӨ-нің 30 пайызынан кем болмауы және экономиканың шикізаттық емес секторында отандық және шетелдік инвестициялар 30 пайыздан кем болмауы қажеттігі айтылды. Бұдан өзге шағын және орта бизнес ЖІӨ-нің 40 пайызын құрай­тындай болуы, халықтың саны 18 миллион адамға жетуі көзделді. Өндірістегі білікті маман­дардың үлесі 40 пайызды құрап, жұ­мыс­сыздық деңгейі 5 пайызға дейін төмен­детіліп, ауыл шаруа­шылығындағы еңбек өнімділігі 2014 жылы – екі есеге, ал 2020 жылға қарай төрт есеге ұлғаятын болады.
«Аграрлық секторда ет беретін мал шаруашылығын дамытуда бұрын болмаған жоба iске асырылады. Біз сіздермен бірге ауыл шаруашылығы үшін көп нәрсе атқар­дық және соның арқасында құрғақшы­лық жылдарында да біздің астық алқапта­рымыз өніммен қамтамасыз етеді», – деген Елбасы енді қазақ қазақ болғалы бері мал шаруа­шылығына зор мән берілетінін және ауыл­дағы жұмыссыздық жайына баса назар аударылатынын атап өтті. «Біздің жоспарда 2016 жылдың өзінде 4 миллион тонна астық экспортына тең келетін 60 мың тонна ет экспорттау көзделуде. Болашақта бұл сандар 180 мың тоннаға дейін артатын болады. Мемлекет бұған кредит қорла­рының 130 миллиард теңгесін бөледі. Бұл ауылдарда 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға жағдай жасап, 100 мыңнан астам ауыл халқы үшін табыс көзін береді», – деген Президент бұл шаралардың барлығы малдың барлық тұқымдарының басын көбейтуге себін тигізетінін атап өтті. Осының бәрі ауылшаруашылық машина жасау, химиялық, тамақ өнеркәсібінің, техникаларды жөндеу сияқты өндірістің аралас салаларының өсуіне мүмкіндік береді. «Міне, бұл ауыл шаруашылығын индус­трияландыру болып табылады. Үкімет пен барлық өңірдің әкімдері осы ауыл шаруа­шылығы саласын индустрияландыру мәсе­лесімен айналысуы керек. Біздің эконо­микамыздың бәсекеге қабілеттілігі энер­гиялық шығындарды азайтуды қамтамасыз ететін технологияларға негізделуі тиіс. Тек ауыл шаруашылығын ғана емес, тұтас халық шаруашылығын қамтуы керек», – деген Елбасы осы орайда шикізаттық емес секторларды дамыту мақсатында Үкіметке энер­гетикалық тиімділік бойынша кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырды. Индустрия­ландыру аймақтық саясаттың жаңа парадигмаларын жасайды. Сонымен қатар Үкімет облыс әкімдерімен бірлесіп, аймақ­тарды дамыту бағдарламасын әзірлеп, бекітуі керек. «Біздің даму жолымыз енді басталды. Егер біз өміріміздің жақсарғанын, байыға­нымызды қаласақ, осы күрделі және маңызды жұмысты орындап шығуға міндеттіміз. Мен «мықты бизнес – мықты мемлекет» қағидасын қолдаймын. Бізде алғаш рет мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы заң қабылданды. Барлық мемлекеттік органдар үшін бақылау жүргізудің қағи­далары мен тәртібі белгіленді. Еске салсақ, біз қауіптері бар, орташа қауіптері бар, үлкен қауіптері бар жерлерде жылына бір рет, үш жылда бір рет және бес жылда бір рет тексеру жүргізілуі тиіс деген болатынбыз. Мұның бәрі бизнеске әкімшілік қы­сымды барынша төмендету үшін жасалып отыр», – деп атап өткен Елбасы құқық қор­ғау жүйесін реформалау аясында Парламент қабылдаған 16 заңға қол қойғанын тілге тиек етті. Меншікті қорғаудың құқық­тық механизмдері енгізіліп, қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша қылмыстық заңнамаларды жеңілдету жұ­мыстары жүргізілді. Бас бостандығынан айырмай жаза қолдану аясы кеңейтілді. Тұтқындаудың балама түрлері де енгізілді. Осының арқасында тек осы жылы ғана жеңіл және орташа қылмыс жасаған 2 мыңға жуық адамға рақымшылық жасалып, бостандыққа шығады. Құқық қорғау органдарының аппараттары 15 пайызға қысқартылды. Олардың құрылымдарының тиімділігі артты. Құқық қорғау органда­рының кейбір қызметтері жекеменшік секторларға берілді. Сот жүйесінде де айтарлықтай өзгерістер орын алды. Жем­қорлықпен ымырасыз күрес жүргі­зілуде. Қазіргі уақытта халықаралық сарапшылар Қазақстанның жемқорлыққа қарсы заң­намалары ең тиімді заңдардың бірі деген баға беріп отыр. Соңғы екі жылда 40-тан астам республикалық деңгейдегі басшы, 250-ден астам облыстық және қалалық деңгейдегі лауазымды адам, оның ішінде 39 әкім мен олардың орынбасарлары жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау министрі мен денсаулық сақтау министрінің, Статистика агенттігінің төрайымы, төтенше жағдайлар мен қорғаныс вице-министрлері, «Қазақ­стан теміржолы» компаниясының бас­қарма төрағасы, «ҚазМұнайГаз» және «Қазатом­өнеркәсіп» компанияларының президент­терінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылды. Жыл сайын халықаралық Transparency International қоры жариялап отыратын әлемдік рейтинг бойынша, біздің еліміз үш жылдың ішінде әлемдік жемқор­лыққа қарсы рейтингтегі жағдайын бірден 45 пункт бойынша жақсартты. Осыған сәй­кес бүкіл ТМД бойынша біздің индексіміз – жоғары деңгейде. Бұл бағыттағы жұмыс­тар одан әрі жалғасын табатын болады.
«Мен мынаны айта кеткім келеді. Осындай ымырасыз жұмыстар жүргізіле баста­ғанда лоббистер көбейіп кетеді. Өкінішке қарай, олар осы залда да отыр», – деген Елбасы одан әрі сөзін сабақтады. «Күрес туралы бәріміз айтамыз, ендеше, бәріміз бірігіп жұмыс істейік. Облыстардағы осындай жағдайлар маған ұнамайды. Мен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жақсы жұмыс істеп жатыр деп есептеймін», — деп Қ.Қожамжаров басшылық ететін қаржы полициясының қызметіне жоғары баға берді. Дүниежүзілік банктің 2010 жылғы баяндамасы бойынша, Қазақстан бизнес мүд­десі үшін реформа жасауда үздік шықты. Бизнеске қолайлы жағдай жасап отырған 183 мемлекеттің ішінде Қазақстан 59-сатыға орнықты.
Өткен жылы Қазақстан, Ресей және Беларусьтің Кеден одағы қызмет ете бастағанын білесіздер. Өткен жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, Ресей және Беларусьпен сауда-саттықтың көлемі 38 пайызға артты. Кеден одағы елдеріне қазақстандық өнімнің экспорты 52,4 пайызға өсті. Кедендік баж салықтарының өсімі 25 пайызды құрады. Осының бәрі Кеден одағының біздің елдеріміздің эконо­микалық міндеттерін шешетін прагмати­калық, нақты жоба екенін көрсетіп берді. Біз бірыңғай экономикалық кеңістікті құруда едәуір ілгеріледік. Ол қазақстандық тауар өндірушілер үшін үлкен өткізу нарығын қамтамасыз етеді. Басқа жағынан, бұл бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтерді өндіруге мықты ынталандыру болады.
2. Әлеуметтік модернизация және жаңа әлеуметтік саясат
Біз индустрияландыру мен экономи­калық технологиялық даму жоспарын нақты айқындадық. Индустрияландыру мен эко­номикалық өсімді қамтамасыз ету жо­лындағы жұмыстарымыздың басты мақсаты – халқымыздың әлеуметтік жағдайын ны­ғайту. Сондықтан Елбасы бұл жолғы Жолдауында әлеуметтік модернизация мәселе­леріне ерекше көңіл бөлді.
«Мен білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту сияқты үш бірдей маңызды мемлекеттік бағдарламаны бекіттім. Үкі­метке әкімдермен бірлесіп, биылғы жылдың 1 мамырына дейін түбегейлі жаңа әлеу­меттік бағдарламаларды әзірлеп, қабыл­дауды тапсырамын. Оның ішінде жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы, тұрғын үй-коммуналдық кешенді жаңалау, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәсе­лелері қамтылуы тиіс. Бұл бағдарламалар миллиондаған қарапайым адамның күн­делікті проблемаларын шешуге бағытталған. Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартады», – деген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жаңа әлеуметтік саясаттың негізгі аспектілеріне тоқталды.
2.1. Білім беру
Елбасы білім беруді модернизациялауды жалғастыру қажеттігін айтты. Бүгінде мек­тептерді түгелдей компьютермен жаб­дықтау аяқталды. Мектептер мульти­ме­диялық кабинеттермен, интерактивті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, орта бі­лімнің 12 жылдық моделі енгізілуде. «Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс. Біз кәсіптік-техникалық білімнің мазмұнын түгелдей жаңартуға тиіспіз. Қазір дамыған елдерде 1 миллион тұрғынға бір не алты жоғары оқу орнынан келеді, ал бізде 149 университет бар. 200 оқу кеңесі ғылым кандидаттары мен докторларын үсті-үстіне шығарып жатыр. Соған қарамастан, ғылымға 60 ғылым кандидатының біреуі, 37 ғылым докто­рының біреуі ғана барады. Бұл кімге қажет?! Биылдан бастап осы ғылыми кеңестердің қызметі тоқтатылады. Бұдан былай магистр мен докторлар PhD жүйесінде дайындалады», – деп білім жүйесіндегі олқылықтарды сынға алған Президент университет білімі мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда жаңа Назарбаев университеті база­сында нарық сұранысына сай жоғары оқу орындарының инновациялық моделі құрылуда. Ол барлық қазақстандық жоғары оқу орнына үлгі болмақ. Елбасы тапсырмасымен бүкіл ел аумағында ашылып жатқан 20 интеллектуалдық мектеп біздің болашақ ЖОО-ларға дарынды балаларды дайындайтын басты базаға айналатын болады. Сондай-ақ Үкіметке ЖОО-ның иннова­циялық қызметке ауысу механизмдерін әзірлеу тапсырылды. Атап айтқанда, жаңа қаржылық-экономикалық инструменттерді енгізу, сапаны көтеру үшін білімге қолдау көрсету, жоғары және техникалық дең­гей­дегі білімге қолжетімділікті кеңейту, қазіргі «Тұрғынүйқұрылысжинақ» және ипоте­калық құрылыста пайдаланып жүргендей жинақ жүйесін әзірлеу. Елбасы атап өт­кендей, қазақстандықтар мемлекеттен пайыздық бонус алу арқылы балаларын оқытуға қаржы жинау үшін жаңа мүмкіндікке ие болуы керек. Президент бұл орайда бизнес қауымдастықтар мен жұмыс беру­шілердің араласуымен кәсіптік-техникалық мамандар дайындауға арналған Ұлттық кеңес құруды ұсынды. Жолдауда айтыл­ғандай, білім жүйесіндегі бүкіл жұмыс мынадай нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуы тиіс: 2015 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға тартылатын балалардың үлесі 74 пайызды құрап, 2020 жылы мұны 100 пайызға жеткізу көзделді. Елбасының тапсырмасымен «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде тек өткен жылы 35 балабақша салынды, 1530 шағын орта­лық, жекешелендірілген мектепке дейінгі мекемелерді кері қайтару есебінен 137 жекеменшік балабақша құрылып, 172 бала­бақ­ша ашылды. Соның арқасында мектепке дейінгі мекемелердің балаларды қамтуы 30 пайыздан 55 пайызға дейін жеткізілгені қуантады.
«2020 жылға қарай біз 12 жылдық білім беру жүйесіне толық көшеміз. Ол үшін біз 2015 жылға дейін республикалық бюд­жеттің есебінен 200 мектеп және жергілікті бюджет есебінен тағы сондай көлемде мектеп саламыз. Білім мекемелерінің 50 пайызында оқытудың электрондық тәсілі қол­да­нылады. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 90 пайызға жетеді. 2020 жылы халықаралық стандартқа сай тәуелсіз ұлттық тіркеуден өт­кен ЖОО саны 30 пайызды құрайтын болады. Инновациялық қызметті жүзеге асыратын және өндіріске ғылыми зерттеу нәти­желерін енгізетін ЖОО-ның үлесі 5 пайызға өседі. Кем дегенде екі ЖОО ең үздік әлемдік рейтингтен көрінетін болады», — деген Елбасы сапалы білім беру Қазақ­станның ин­дус­триялық-инновация­лық дамуы­ның негізіне айналуы тиістігін шегеледі.
2.2. Денсаулық сақтау
«Осы жылдар ішінде қазақстандықтар денсаулығын жақсарту үшін қолдан кел­геннің бәрін жасадық. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2002 жылы — жалпы ішкі өнімнің 1,9 пайызына дейін, 2010 жылы 3,2 пайызына дейін ұлғайды. Сіздер білесіздер, бүгінде елімізде тұңғыш рет ең күрделі медициналық бағыттар бойынша операциялар жасалуда. Шетелдің жетекші клиникаларымен байланыста жұмыс істейтін 150 телемедициналық орталық  құ­рыл­ды. 20 жыл бұрын біз бұл туралы тек армандаған болатынбыз», – деген Президент Н.Назарбаев атқарылған жұмыстар­дың нәтижесі ретінде туу көрсеткішінің 25 пайызға ұлғайғанын, өлім-жітім көр­сет­кішінің 11 пайызға төмендегенін, халықтың табиғи өсімінің 1,7 есе өскенін тілге тиек етті. 2013 жылға қарай денсаулық сақтау саласына бірыңғай ұлттық жүйені енгізу аяқталады. Алғашқы медициналық-сани­тарлық жәрдемнің сапасын арттыруға байсалды түрде кірісу қажет. Халықаралық бағалау бойынша, біз ұсынып жатқан медициналық қызметтердің 70 пайызын халықтың аурудың негізгі түрлерімен ауыратын 5 пайызы ғана пайдаланып отыр, яғни дәрігерлерге көрінетін адамдар тек қана 5 пайыз екен, дәрігерге мүлдем көрінбейтін адамдар да бар. Сауатты түрде жүргізілген алдын алу шаралары арқылы аурулардың жолын кесуге болады. Сон­дықтан да Мемлекет басшысы Қазақстанда халықтың мақсатты топтарының хал-ахуалын бақылауды көздейтін кешенді ұлттық бағдарламалар енгізуді тапсырды. «Бұл ең алдымен балалар, жасөспірімдер мен ре­продуктивті жастағы әйелдерге бағыт­талуы тиіс. Әсіресе ауыл тұрғын­да­ры­на меди­ци­налық қызметті қолжетімді ету мәселесіне көңіл бөлу керек. Былтыр жаңа әлеуметтік жоба қолға алынды. Бұл – екі «Денсаулық» мамандандырылған диагнос­тикалық-емдеу пойызы. Олар біздің байтақ еліміздің шалғай түкпірлеріндегі ондаған мың адамға емдеу мен тексеріс жүргізді. Қазақстан үшін көлік медицинасы өте өзекті және біз мұны дамытатын боламыз. Биыл тағы бір «Денсаулық» пойызы іске қосы­лады, авто­көліктерге орналасқан «автоклиника» атты мобильді медициналық кешен­дердің қатарын 50 бірлікке дейін көбейту керек. Қазақстанда бұлардың өндірісі қолға алынатын болады», — деген Президент Үкіметке 2015 жылға дейін санитарлық авиация қажеттілігі үшін кем дегенде 16 тікұшақ жасауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ тас жолдардағы медициналық-құтқару нүктелерін құруды жеделдетуді де тапсырды. Жолдауда айтылғандай, оларды рес­публикалық маңызы бар көлік жолдарының апаттық-қауіпті учаскелеріне орналастыру керек. Төтенше медициналық көмек қызметі көп салалы, ұтқыр, аэромобильді госпитальдармен жабдықталуы тиіс. «Бұл шаралар мыңдаған азаматымыздың өмірін құт­қарып қаларына сенімдімін. Статистика медициналық көмек дер кезінде жетпейтіндіктен, жолдарда апатқа ұшыраған адам­дардың көптеп қайтыс болатынын көрсетіп отыр. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде туберкулезбен және ВИЧ инфекциясымен ауыру мен олардан қайтыс болу деңгейін азайту мәселесіне айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Осы міндеттерді орындаудың нәтижесінде 2015 жылға қарай қазақ­стандықтардың өмір сүру ұзақтығы — 70 жасқа дейін, ал 2020 жылға қарай 75 және одан жоғары жасқа дейін артады деп күтілуде. Қазір салауатты өмір салтын ұстануды насихаттауымыз керек», — деп атап өткен Елбасы барлық жерде спорттық базалар, Азиадаға орай салынған нысандарда жұмыс қайнап жатуы керектігін, олар ешқашан босамауы тиістігін Үкімет пен барлық әкімдерге тапсырды. 2015 жылға қарай тағы 350-ге жуық дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт пен емхана салынбақ.
2.3. Тілдерді дамыту
«Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересектердің саны ел тұрғын­дарының басым бөлігін құрап отыр. Бұл – біздің Тәуелсіздігіміздің үлкен жетістігінің арқасы. Мұны айтып отырған себебім, елдің есінде болса, 1991 жылы Тәуел­сіз­дігімізді жариялаған кезде халқымыздың саны аз болды. Ал кейінгі есептердің өзінде өз тілімізден айырылып қала жаздаған, ана тілін білмейтін қазақтардың саны қаншама еді! Осы уақытқа дейінгі аралықта атқарған шаруаларымыздың арқасында біздің санымыз 70 пайызға жақындап қалды. Бұл – шынында да, үлкен табыс. Бірақ бәріміз әлі де бірге жұмыс істеуіміз керек», — деген Президент бұл бағыттағы алдағы міндеттер­ді айқындап берді. 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандық­тар­дың үлесі — 80 пайыздан кем болмайтындай көрсеткішке, 2020 жылға қарай бұл көр­­сеткіш 95 пайызға жетуі керек. Алдағы 10 жыл­дан кейін барлық мектеп бітіруші түлек­тің 100 пайызы мемлекеттік тілді біле­тін болады. Мемлекет басшысы айтқан­дай, бұл үшін барлық жағдай жасалып отыр. Тек осыны өзіміз қолға алып, ана тілінде сөй­леуді өзімізден бастауымыз қажет.
Елбасы Жолдауында көрсеткендей, таяу­да Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының мән-маңызын барлық халыққа түсіндіруіміз керек. Мемлекеттік қызметте, басқару жүйесінде, басқа жерлерде де өте үлкен қарқынмен ана тілімізге көшуіміз қажет. Мемлекеттік тілімізді басқа жұртқа да түсін­діруіміз керек. Сонымен қатар біз орыс тілін және өзге де қазақстандық этностардың тілін дамытып отырамыз. Қазіргі заманда әрбір қазақстандықтың үш тілді білуі – бұл азаматтардың өздерінің әлеуметтік жағ­дайының жақсаруына кепілдік бола алатын міндеттердің бірі. Сол себепті 2020 жылға қарай елімізде ағылшын тілін меңгергендер 20 пайыздан кем болмауы тиіс.
2.4. Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы
«Дағдарысқа қарсы бағытталған «Жол картасы» бағдарламасы аясында біз екі жылдың ішінде халықты жұмыспен қамтуды қолға алып, жұмыссыздық көрсеткішін азайттық. Төніп келген дағдарысқа қара­мас­тан, біз қалаларымыз бен ауылдары­мыз­дың инфрақұрылымдарын жақсарттық. Мұндай ауқымды бағдарламалар қазақ­стандықтар тарапынан кең қолдауға ие болды. Осы бағдарлама барысында 600 мың адам жұмыспен қамтылып, 150 мың адам жаңа мамандықтарға ие болды. Бүгінгі таңда еңбек нарығының тиімділігін артты­руға күш салуға тиіспіз. Себебі жаңа экономика кәсіби мамандардың жаңа толқынын қажет етіп отыр. Заманауи жабдықталған жаңа өндірістерде жаңаша ойлайтын, білікті мамандар жұмыс істеуі керек. Ал жеке еңбекпен айналысатын адамдар біздің экономикамыздың орасан зор кадрлық резервін құрайды. Біз жаңа өндіріс орындарын қазақстандықтардың игілігі үшін салып жатырмыз. Онда жаңа жұмыс күші қажет. Сондықтан да халқымыз жаңа мамандық­тарға дайындалып, оқуы керек», — деген Президент Н.Назарбаев осы бағытта Үкімет­ке, Астана, Алматы қалаларының әкімдеріне осы жылдың 1 мамырына дейін халықты жұмыспен қамтудың принципті түрде жаңа бағдарламасын әзірлеуді және сондай-ақ Үкіметке бизнес қауымдастықпен бірлесе отырып индустриалды кешендерде жұмыс істегісі келетіндердің тегін кәсіби білім алуын қамтамасыз етуді тапсырды. «Жол картасы» бағдарламасының тәжірибесін пайдалана отырып, елімізді индустрияландыру ісін жал­пыхалықтық деңгейге көтеру қажет. Осы орайда тыныс-тіршілігі ауылмен байланысты қазақстандықтар үшін Үкіметке жергілікті басқару органдарымен бірлесіп ауылдағы кәсіпкерлікті дамытудың кешенді бағдарламасын дайындау тапсырылды. Өткен жылы ауылдық жерлерді дамыту бағдарламасы аяқталған болатын. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар болжау жүйесі аясында еліміздің 2020 жылға дейінгі ай­мақтық-территориялық даму бағдар­ла­масына сәйкес жалғасатын болады.
Даму деңгейі жоғары елді мекендер ауыл инфрақұрылымын дамытып, егістіктерге қажетті су көздерін қолжетімді етіп, шағын несие беру мен жеке гранттар беруге қатысты мүмкіндіктерді арттыруға тиіс. «Халықты кәсіпкерлікке баулып, олардың қажетті білім алуына жағдай жасау керек. Қазіргі уақытта шағын несие беретін меке­мелердің құқықтық негіздері қаланған. Олардың нарықтағы саны 1200-ге жетті. Осы уақытқа дейін олар жалпы сомасы
16 мил­лиард теңгеден асатын 110 мыңнан астам несие беріп үлгерді. Бірақ бұл жоғары мөлшерлемемен берілетін несиелер негізінен тұтынушылық мақсатта жұмсалады. Бұл жағдайды өзгертіп, қаржыны жұмыспен қам­ту шараларына жұмсауды көздеу керек», — деген Мемлекет басшысы бұл бағытта Үкіметке қаржы реттеушілерімен бірлесіп қысқа мерзім ішінде тиісті заң жобасын әзірлеп, кешенді шараларды қолға алуды тапсырды. Ағымдағы жылы шағын несиелеуге қосымша 3 миллиард теңге қарас­тырылып, 2012-2015 жылдарға қар­жы­лан­дыруды жылына 10-15 миллиард теңгеге жеткізуге күш салу қажет. Елімізде мемлекеттік бағытпен енгізілген несиелен­дірудің барлығы 100 пайыз мөлше­рінде жұмыспен қамтуға яғни жеке кәсіппен айналысуды ұйым­дастыру мақсат­тарына жұмсалуы тиіс.
«Қазіргі уақытта үй жағдайында шағын фермерлікпен айналысатындар саны – шамамен 30 пайыз. Олар жұмыссыздар қата­рында ресми тіркелмесе де, шаруамен айналысады. Осындай шаруаларға біз бірінші кезекте шағын несиелер беруіміз керек. Бірақ жұмсалатын қаржы мем­лекеттің бақы­лауында болуға тиіс. Несие берумен айналысатын жекеменшік мекемелерді де осы жұмысқа жұмылдыру қажет. Келесі бір мәселе – уақытша жұ­мыспен қамтылғандар. Оларды ел ішінде «шабашниктер» дейді. Олардың да үлесі 30 пайызды құрайды. Бұларды біз жаңа мамандықтарға баулып, оқытуымыз қажет. Мемлекет пен бизнес оларды жұмысқа тартуы керек. Олар – елді индус­трия­ландыруға қатысатын, жаңа өндіріс орындарында жұмыс істейтін резервтегі еңбек күші. Халықты оқытып, дайын­дамасақ, біз жұмыс күшін қайдан алмақпыз? Жұмыс­сыздардың 30 пайызы жұмысқа жарамсыздар болып табылады. Олардың арасында белгілі бір жағдайлармен денсау­лықтары жарамайтын, мүгедек жандар бар», – деген Елбасы оларға мемлекет тарапынан жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Жоғарыда айтып өткен мал шаруа­шы­лығын дамытуға арналған бағдарламаны жүзеге асыру ауылдықтарға мыңдаған жұ­мыс орнын береді. Сондықтан да биліктің барлық деңгейлері мен «Нұр Отан» партия­сына үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Үкіметке келесі жылдан бастап моти­вациялық ақша төлемдеріне ауысуды тапсырамын. Басты мәселе – жатыпішерлікті жеңу. Жұмыссыздар тек жұмыссыз жүрген­дері үшін емес, кәсіпті меңгеру үшін гранттар алатын болады. Кедейлік мәселесін мем­лекеттік жәрдемақы есебінен жұмсарта бермей, шешу керек. Мемлекет тек объективті еңбекке жарамсыздарға, әлеуметтік жағ­дайы қорғалмағандарға ғана көмек­тесе­ді, мұнымен бәріңіз де келіседі деп ойлаймын», – деген Мемлекет басшысы ұдайы кейінге қалдырып келген келесі маңыз­ды мәселе – тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңарту жайына тоқ­талды.

2.5. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту
«Өмір сүру сапасының үздік көрсеткіші – халық үшін тұрғын үйлердің жайлылық деңгейі. Соңғы 10 жылда еліміздің тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге көбейді. Бұл миллионнан астам адамның жаңа жайға көшкенін білдіреді. Нәти­жесінде, тұрғын үймен қамтылу көрсеткіші жан басына шаққанда 16-дан 18,3 шаршы метрге көбейді. Бұл — біздің тұрғын үй саясатындағы маңызды нәтиже. Ұзақ жылдар бойы коммуналдық сектор қал­дық принципі бойынша қаржыланды­рылып келді. Нәтижесінде, 2008 жылға қарай ком­муникациялардың 72 пайызы жөндеуді және алмастыруды қажет етті.
«Жол картасының» аясында 2009-10 жылдары біз тұрғын үй-коммуналдық кешенді жөндеуде үлкен жұмыстар атқардық. Бұл жұмыстарды жалғастыру қажет, электр-су-газбен жабдықтау жүйесін масштабты модернизациялау жүргізу және тұрғын үй қатынастарының тиімді (оптималды) моделін құру керек. 2015 жылға қарай капиталды жөндеу жұмыстарын қажет ететін объектілердің үлес саны 32 пайыздан 22 пайызға дейін төмендеуі тиіс. Елімізде модернизацияланған жүйелердің ұзақтығы 2015 жылға қарай тұтастай алғанда 31 мың шақырымнан асатын болады. Мемлекет халықаралық инвесторлар мен өзіміз­дің банктерді тарта отырып, жеке ин­весторларға, кәсіпорындарға, жеке азаматтарға тұрғын үй мен коммуналдық объек­тілерді жөндеу мен жаңғырту жұмыс­тарына арналған бірлескен арнайы қар­жылық құралдарын ұсынатын болады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кешенін жаңарту бағдарла­масын жүзеге асыру жылына жаңадан 10 мыңға дейін жұмыс орнын беріп, оны жүзеге асыруға 1,5 миллион адам қаты­сатын болады», — деген Президент бұл ретте Үкіметке ортақ меншікті жөндеу мен қал­пына келтіруге арналған қаржыны жинақтау мен бірлесе қаржыландыруды ынталан­дыру­дың механизмін жасауды тапсырды. Елбасы айтқандай, тек осылайша ғана біз тұрғын үй жайын жақсартып, азаматтардың өз меншігінің сақталуын қамтамасыз етудегі жауапкершілігін арттыра аламыз.
«Бұл жерде мен мынаны айта кеткім келеді: біз бұл мәселеге бұрындары бұл жайды білмегендіктен немесе қала­мағандықтан мойын бұрмай келген жоқ­пыз. Бұрын жағдайымыз болған жоқ. Бұл  — өте күрделі жұмыс. Бұл жерде «хрущев үйлері», тозып біткен коммуникациялар жайы есімізге келеді. Бұл Үкімет үшін оңай тапсырма емес. Менің тапсырмам бойынша олар бұл жайды көп зерттеді, біз оны жүзеге асыра аламыз. Әрине, бұл жерде тарифтерді қайта қарауға тура келеді, соның арқасында қажетті қаржының 70-80 пайызын табамыз. Біз тұрғындардың өзін тартамыз, инвестицияларды тартамыз, және осы үлкен де халық үшін аса маңызды жұмысты қолға аламыз», — деген Елбасы баспанасыздық мәселесінің ше­шілеріне сенім білдірді.
2.6. Сапалы ауызсу
Қазақстандықтарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі халық денсаулығын жақсартудағы маңызды шаруа болған­дықтан, басты басымдық болып қала беретінін атап өткен Елбасы бұл бағытта сегіз жыл бұрын қолға алынған жұмыстың оңды нәтижелері барын жеткізді. «Орталықтанған сумен қамтамасыз ету жүйесіне ауылдық жерлердің 41 пайызы қол жеткізсе, қала­ларда бұл көрсеткіш 72 пайызға дейін жетті. Бұған дейін оның қандай төмен деңгейде болғанын өздеріңіз білесіздер. Суды тасып ішетін тұрғындардың саны төрт есе кеміді. Сонымен бірге, ауызсумен жабдықтау жүйесін жақсартуға мұқтаж болып отырған ауылдар аз емес. Сумен жабдықтау желісінің тозу деңгейі қалаларда 60 пайызды құ­райды. Елімізде орташа алғанда ауызсуға қол жеткізу деңгейі 2020 жылға қарай – 98 пайыз, ал судың сапасы барлық белгіленген санитарлық нормаларға сай болуы тиіс. Сондықтан да Үкіметке жеке капиталды су шаруашылығына барынша тарту үшін тиімді ынталандыру механизмдерін жасауды тапсырамын. Жерасты суларының потенциалын кеңінен пайдалану керек. Жаңа объектілерді салу барысында сумен жабдықтау мәселесіне жүйелі түрде келу қажет. 2020 жылға қарай орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қалалықтардың 100 пайызы қол жеткізе алуы тиіс. Ал ауылдың көрсеткіші екі есе өсіп, 80 пайызды құрауы тиіс», – деді Президент.

2.7.Табыстың артуы – өмірдің жаңа сапасы
Елбасы Жолдауындағы жағымды жаңа­лық – ағымдағы жылы зейнетақы, шәкірт­ақы, бюджет саласы қызметкерлері жалақы­сының көлемі 30 пайызға өспек. Оның алдында екі жыл қатарынан бұлар 25 пайызға артқан болатын. «Әлемнің барлық жерінде қазір зейнетақы да, жалақы да қысқартылып жатыр. «Нұр Отан» партия­сының халық­тық платформасы жоспар­лағандай, 2012 жылы зейнетақының, бюджетке қарасты ұйымдардың және шәкірт­ақының орташа көлемі 2008 жылғыдан екі есе өседі. Осыны уәде еткен екенбіз, біз оны 2011 жылға дейін алдын ала орындап тастадық.
Менің тапсырмам бойынша, үш жылдық бюджетте, алдында айтқанымдай, индус­триалды-инновациялық, сонымен қатар әлеуметтік бағдарламаларды қаржылай қамсыздандыру қарастырылған. Қаржы бар, ресурстар бар. Енді бәрі Үкіметтің және жергілікті атқарушы биліктің осы мақсат­тарды қалай орындайтындығына, оны іске асыру жұмысын қалай ұйымдасты­ра­тын­дығына, осы ақшаны мақсаттарға тең­дей бөле алуымызға байланысты. «Нұр Отан» партиясы және Парламент мұны қатаң бақылауға алады деп үміттенемін. Дағда­рысқа қарсы бағдарлама аясында көлемді қаржы бөлінгенде сол ақшаны орналастыруды қадағалайтын комиссия құрған болатынмын. Соның нәтижесінде біздің тарихымызда бірінші рет бір тиын текке кеткен жоқ, бәрі белгіленген мақсаттарға жұмсал­ды. Осы арада да солай жұмыс істеу керек», — деп Президент айтқандай, бұл – алдағы он­жылдықта атқарылатын шаруаның кішкене бөлігі ғана. Біз пессимистік көрсет­кіштерді алып қарастырып жатырмыз. Біз осы жоспарларымызды артығымен орын­дауға ұмтылуымыз керек. Өйткені он­жылдықтың басты әлеуметтік мақсаты осылардан тұрады.
«Құрметті қазақстандықтар! Менің бұйрығыммен 2011 Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығы жылы болып жарияланды. Ол үшін арнайы мемлекеттік комиссия құры­лып, жалпыұлттық жоспардың шаралары бекітілді. Бұл – жалпыхалықтық іс», — деген Мемлекет басшысы ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруда Үкіметке инвестор­лар­дың, бизнес-қауымдастықтың, қазақ­стан­дық­тардың күшін жұмылдыруды тапсырды. «Бейбітшілік пен жасампаздыққа – 20 жыл!» – ме­рей­тойымыздың ұраны осындай. Тәуел­сіздік жылдары қазақстандық жол­дың кешенді құндылықтары түзілді – Бостандық, Бірлік, Тұрақтылық, Өркендеу», — деген Елбасы қалың жұртшылық күткен рефе­рендумға қатысты пікірін білдірді.
Құрметті қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар!

Жолдау болса-дағы, бұл арада маңызды бір мәселеге тоқталмай кетуге болмай тұр. Президент уәкілдігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша жалпыұлттық референдум өткізу туралы жалпыхалықтық бастамаға байланысты маған және барлығымыз үшін саяси мәністегі күрделі жағдай туындады. Мен референдумды қолдауға қол қойған барлық қазақстандықтарға, сонымен қатар осы акцияның бастамашыларына шынайы ризашылығымды білдіремін. Халықтың ерік танытуымен қаңтардың ортасында Орталық сайлау комиссиясына 5 миллион қол өткізілді. Бұл – сайлаушылардың 3/1 бөлігі. Санаулы күндердің ішінде референдум туралы бастама жалпыхалықтық қоз­ғалысқа айналды. Осы акция барысында «Нұр Отан» партиясымен «Қазақстан – 2020» Демократиялық күштердің қоғамдық коалициясы құрылды. Халықтық бастама қазақстандықтардың өшпес азаматтық белсенділігін байқатты. Ол еліміздің саяси, интеллектуалды өмірін жандандыра түсті. Бұл бізде даму мен өркендеудің үлкен потен­циа­лы барын көрсетеді. Мен барлық партия күштерінен, қоғамдық қозғалыстардан құрылған «Қазақстан – 2020» демок­ра­тия­лық коалицияны – онжылдыққа арнал­ған бағ­дарламаны жүзеге асырудың жақсы кешені деп есептеймін. Сондықтан оны сақтау керек. Ол әрқашан еліміздің жүзеге асырып жатқан істеріне баға беріп, сын айтып, өзінің жаңа ұсыныстарын алға тартып отыруы керек деп білемін. Бұл – таяу жылдар­дағы жоспарларымызды жаппай қолдаудың сипаты.
Аталған мәселеге байланысты барлық жағдайдан өздеріңіз жақсы хабардарсыздар. Мен 2012 жылғы Президент сайлауына қатысқалы жатқандықтан, өзімнің қау­лыммен Парламенттің референдум өткізу туралы ұсынысын кері қайырған болатынмын. Парламент өзінің конституционалды өкілдігін пайдалана отырып, Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заңды қабылдады. Мен бұл заңды Конституцияға қаншалықты сәйкес келетіндігін анықтау үшін Конституциялық сотқа жолдадым. Міне, содан кейін барып ақырғы шешім қабылданатын болады.
Мен бұл лауазымда біраз уақыттан бері қызмет етіп келемін. Біз барлық қиын­дықтарды бірге өткіздік, күрделі деген мәсе­лелерді бірге шештік. Осы уақытта халық менімен бірге болды. Бұл — кез келген саясаткер үшін ең үлкен мадақ. Әсіресе Прези­дент үшін. Ең бастысы, халық­тың «лауазымыңнан бас тартпа, қызметіңді жалғастыр!» деп отырғанын түсіндім. Кон­ституциялық кеңес үкім шығарғаннан кейін қандай шешім қабылдасақ-тағы, егер денсаулығым мен күш-қайратым мүмкіндік беріп жатса, халықтың еркі мен қолдауы да бұрынғыдай болса, онда мен шамам келгенінше жұмыс істеймін деп уәде беремін. Өйткені біз дайын мемлекетті қабылдап алған жоқпыз, біз әлем картасында жоқ мемлекетті құрдық. Осындай істің басында мен тұрдым. Мен құрушы болмасам да, осынау процестің басында болдым. Әрине, бұл — менің, біздің баламыздай. Сондықтан да, біз үшін қымбат болып табылады. Біз үшін халқымыз ие болып отырған еліміздің тәуелсіздігі аса қымбат. Осыны бәріміз бағалап, сүйіп, бар күшімізді халыққа қыз­мет етуге жұмсауға тиіспіз. Бұл Конституция мен заңдарымызға сәйкес болуы және біздің халқымыздың ұзақмерзімді мүдде­лерін ескеруі тиіс. Кез келген жағ­дайда халықтың еркі бәрінен жоғары.
Жолдауда айтылғандай, Қазақстан саясаты барлық әріптестердің үмітіне сәйкес болады. Қазақстан Кедендік одақтың жедел әрі тиімді дамуына және ТМД елдерімен ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Елбасы Еуроодаққа бірлесіп көпжақты немесе екі-жақты форматта «Қазақстан — ЕО 2020» энергетикалық хартиясын әзірлеуді және қабылдауды ұсынды. Бұл еуропалық ры­ноктарға энергоресурстарды тасымалдау тұрақтылығына кепілдік береді және бізге құбыр жүйелерін дамытуға көмектеседі. «Біз биылғы жылы Алматыда Ауғанстан бойынша арнайы донорлық конференция­ны өткізу бастамасын көтеріп отырмыз. Бұрынырақта Каспийде тұрақтылық идея­сын ұсынған болатынмын. Бұл халықаралық құжат ұлан-ғайыр аймақта, Орталық Азия мен Кавказда тұрақтылық орнатудың берік іргетасы болмақ. Қазақстан ЕҚЫҰ төра­ға­лығы аясында жанжалды реттеу бойынша бастаған жұмыстарын жалғастыра береді. Біз ғаламдық ядролық қауіпсіздік саласында көшбасшы болып қалудамыз. Қазақстан БҰҰ-ға «Ядролық қарусыз әлем» жалпы декларациясын қабылдауды ұсынды. Қыр­ғызстанға көмектесу жөніндегі мемлекет­аралық бағдарлама әзірлеп, қабылдауды маңызды санаймыз. Биыл Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеміз. Біз Батыс пен Ислам әлемі диалогын нығайту бастамасын ұсынамыз. Қазақстанның ИҚҰ-ға төрағалығында сыртқы саясаттың азиялық векторын күшейтуі тиіс. Биыл шілде айында Шанхай Ынтымақтастық Ұйы­мына 10 жылдық мерейтойлық саммит өтеді. ШЫҰ біздің белсенді қатысуымызбен құрылды және оның нығаюына барлық қажетті жұмыстарды жасауымыз қажет», – деген Елбасы бұлардың барлығы Қазақ­станның аймақтық және ғаламдық тұрақ­тылықты нығайтудағы сүбелі үлесі болып табылатынын атап өтті.
Қадірлі қауым!
Қымбатты қазақстандықтар!

Таяуда Елбасы өкілеттігін ұзарту үшін бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтерілгенін баршаңыз білесіздер. Бастамаға үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен Парламент депутаттары қолдау білдіруде. Мен елдің бұл ыстық ықыласын Тәуел­сіздікті нығайту, мемлекетті орнықтыру ісіне берген бағасы деп білемін. Отанды қалт­қысыз сүю – оның суығына шыдап, ысты­ғына күюді талап етеді. Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес. Маған сыраттың көпі­ріндей қылпылдаған кезеңде тәуелсіз­дік алып, мемлекет құру ісі сеніп тапсырылды. Сондықтан мен сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алдым. Күр­меуі қиын түрлі тағдырлы шешімдерді жүрегім­нен өткізіп қабылдадым. Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік- тәжірибемді аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін. Осы жылдары мәрте­бемізді көтеріп, мерейімізді асырған барша жетістіктеріміз – біздің ортақ табысымыз. Сондықтан бастамашы азаматтар мен тілекші болған барша қазақстандықтарға риза­шылық білдіремін! Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес. Алдымызда атқарылар қыруар істер бар. Бұл жолда біздің ең басты құндылы­ғымыз – берекелі бірлігіміз. Мен ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртым­ның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін.
Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар. Біз бүгінгі Жолдау арқылы мерейлі белестегі атқарған істерімізді қорытындылап, болашаққа бағдар жасадық. Баршаңызға ел игілігі, мемлекет мүддесі жолындағы абыройлы істерде мол табыс тілеймін! Мерекелі күндерге жеткізген берекелі тірлігіміз баянды болсын, ағайын!
Назарларыңызға рақмет!

Ұзын-ырғасы:
• Жолдаудың жалпы ұзақтығы 54 минут 9 секундқа созылды. Мемлекет басшысы Жолдау үстінде бір рет тоқтап, бір мәрте су ішті. Бір мәрте жөтелді және бір рет жөткірінді. Залдағылар үш мәрте орындарынан тұрып, қол шапалақтады. Жалпы шапалақ саны – 31. Шапалақтаудың ұзақтығы тұп-тура 3 минутқа созылды.

Лингвистикалық құрамы:
• Президент Жолдаудың алғашқы 4 минут 27 секундында қазақша сөйледі. Және де 27-минутта (5 сек), 28-минутта (35 секунд), 29-минутта (26 сек), 35-минутта (3 сек) төрт мәрте қазақша сөйледі. Жолдау аяқталар 52 минут 8 секундтан 54 минут 9 секундқа дейін қазақша сөйледі. Қазақша баяндаманың жалпы жиыны 7 минутқа созылды (қол шапалақтаулар ұзақтығын алып тастағанда).
• 4 минут 28 секунд кеткенде орысша басталған Жолдау 52 минут 8 секунд­қа дейін жалғасты.

Жалқылары:
• Жолдауда «қазақ», «ЕҚЫҰ», «сам­­мит», «ұлыс» сөздері бір-бір мәр­те айтылды.

Мәйек:
• Елбасы Жолдаудың 3 минут 3 секундында «Ырыс ынтымаққа жолы­ғады, дәулет бірлікпен толығады» деген және 55 минут 27 секундта «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген мақал айтты.

Жалпылары:
• Жолдауда:
«ұлттық» сөзі – 6 рет;
«тәуелсіздік» сөзі – 9 рет;
«референдум» сөзі – 3 рет;
«халық» сөзі – 20 рет;
«ислам конференциясы» сөзі – 2 рет;
«отандастар» сөзі – 3 рет;
«жол картасы» сөзі – 2 рет;
«бизнес» сөзі 7 рет айтылды.