Микроқаржылық ұйымдар шағын және орта бизнес иелеріне несие беруі мүмкін

19 қараша 2020, 12:53

Елімізде 1 млн 300 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектіcі бар. Алайда, олардың 30 мыңы ғана екінші деңгейлі банктерден қолдау тауып отыр. Мұндай деректі Сенаттың кезекті отырысында депутат Еділ Мамытбеков айтты.

Сенатор шағын және орта бизнес иелеріне көрсетілетін қаржылық қолдау аясында екінші деңгейлі банктер тарапынан микробизнес иелеріне кредит берілмейтінін жеткізді.

«Ресми деректер бойынша екінші деңгейлі банктер 30 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілдеріне қызмет көрсетеді. Алайда, еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,2 млн-нан асады. Демек, банктер шағын және орта бизнеске тиісті қолдау көрсетпейді деген сөз. Осы орайда Ұлттық банк ақша-кредит саясатын жақсарту үшін қандай жұмыстар атқармақ? Жалпы, ШОБ субъектілерінің екінші деңгейлі банктерден несие алуына тиімді жағдай жасала ма?», - деді сенатор Еділ Мамытбеков сауалында.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев депутаттың келтірген дерегімен толықтай келісетінін айтты. Сондай-ақ алдағы үш жыл ішінде ақша-кредит саясатының жүйесі жақсарады деп сендірді.

«Қыркүйек айының соңындағы көрсеткіш бойынша шағын және орта бизнестің қарыз портфелі 4,1 трлн теңгеге жетті. Яғни, жыл басынан бері 110 млрд теңгеге артқан. Алдағы уақытта Ұлттық банк жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге кредиттеу бағдарламаларын қаржыландырады. Бұл қаражат жаңа кредит беруге және бұрынғы қарыздарды жабуға бағытталады. Үкіметтің импортқа тәуелділігін бәсеңдету жөніндегі жұмысы елдегі ақша-кредит саясатын жеңілдетуге мүмкіндік береді деген ойдамын», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та шағын және орта бизнес иелеріне берілетін кредит мәселесіне алаңдатушылық танытып, жүйені дұрыс жолға қою үшін ұсынысын айтты.

«Баяндамада алдағы 3 жылдың ішінде пайыздық үстемені субсидиялауға 200 млрд теңге қарастырылғаны айтылды. Шынын айту керек, банктер нарықтағы ірі субъектілермен жұмыс істегенді жөн көреді. Яғни, айналымында тұрақты ақшасы бар кәсіпкерлерге кредит беріп жатады. Алайда, шағын кәсіп иелері, жеке кәсіпкерлерге банктен несие алу қиынға соғады. Егер де банктер микробизнес иелерімен жұмыс істеуді жөн көрмесе, бәлкім, пайыздық үстемені субсидиялауға басқа қаржы субъектілерін тарту керек шығар? Мәселен, бізде микроқаржылық ұйымдар бар. Әрине, олардың пайыздық үстемесі жоғары. Бірақ олар дәл осындай шағын кәсіпкерлермен күнделікті жұмыс істейді», - деді Мәулен Әшімбаев.
Ерболат Досаев отандық қаржылық алаңын дамытуда мұндай ұсыныстың ұтымды болатынын айтты.

«Еліміздегі қаржылық сектордың ауқымы кең болуы тиіс. Біз көбіне екінші деңгейлі банктер жайында айтамыз. Осы орайда қаржы саласындағы басқа да субъектілердің дамуына жол ашуымыз керек. Мұндай жүйе әсіресе өңірлерге тиімді болмақ. Алдағы 3 жыл ішінде дәл осындай қаржы ұйымдарының үлесін жетілідіретін боламыз», - деді Ерболат Досаев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан