Мұнай өнімдерін қымбат сатқандар жазаланады

20 қаңтар 2022, 16:45

Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін өндірушілер жанар-жағармай бағасын көтеру фактілерін растаған жағдайда жазаланады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті таратқан мәліметне сәйкес, өңірлер бойынша дизель отынының бағасы ерекшеленеді. Мәселен, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында дизель отынының литрінің бағасы − 260 теңгені, ал Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында-230 теңгені құрайды.

«Бұл ретте, мұнай өнімдеріне шекті бағаларды асырмау жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Осыған байланысты, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымы саласындағы заңнаманың талаптарын сақтауы және мұнай өнімдерін белгіленген шектерден жоғары сатуға жол бермеуі тиіс», − делінген агенттік таратқан хабарламада.
Бекітілген шектеуге қарамастан Қарағанды қаласының Ермеков көшесі, 94/3 мекенжайында орналасқан «Қарағанды терминал Мұнай» ЖШС-ның май құю станциясында дизель отынының бағасын литріне 230 теңгеден 275 теңгеге дейін шекті бағасынан асырып сатқан фактісі анықталды.

Осылайша, Қарағанды облысы бойынша ТМРКД-ы «Қарағанды Терминал Мұнай» ЖШС-ға қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 171-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғады.