Наурыз айына арналған ауа райы болжамы

01 наурыз 2022, 16:24

Қазгидромет синоптиктері 2022 жылдың наурызына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Көктемде циклондар мен антициклондар жиі өзгеріп, Қара және Жерорта теңіздері ауданынан келетін жылы ағымдар, Скандинавия, Батыс және Шығыс Сібір аймақтарынан келетін суық ағымдар ауа температурасының күрт өзгеріп, тұрақсыз болуына әсер етеді.

 

Мамандар мәліметінше, наурыздың бірінші онкүндігі басталғанда Батыс және Сібір антициклоны әсерінен республиканың басым бөлігінде ауа температурасы төмендейді.

 

«Ауа температурасы түнде төмендейді: батыста, солтүстік-батыста -5... -15 градусқа дейін; солтүстік, орталық және шығыста -15... -25 градусқа дейін, елдің оңтүстік аймақтарында -3... -11 градусқа дейін. Елдің солтүстік-батысында күндізгі ауа температурасы -3... +2 градус, Қазақстанның солтүстік жартысында -3... -8 градус, оңтүстік жартысында +8... + 15 градус, оңтүстікте +20 градусқа дейін», делінген хабарламада.

 

Наурыздың бірінші онкүндігі ортасында ауа райы жылы болады. Наурызда еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары, ал Батыс Қазақстан облысында және Атырау облысының солтүстік-батысында нормадан жоғары болады деп күтіледі.

 

«Наурыздағы жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде нормаға жақын, Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігінде нормадан көп болады деп күтіледі», деді синоптиктер.

 

Сондай-ақ, онкүндік ортасында Жерорта теңізі аудандарынан келген циклондар Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райына әсер етеді. Жауын-шашын болып, солтүстік облыстарда жаңбыр кей жерлерде қар жауады, оңтүстік облыстарда жаңбыр жауады, батыста, таулы және тау етегіндегі аудандарда қатты жауын-шашын болады.

 

«Жел екпіні секундына 15-25 метрге дейін күшейеді, оңтүстік-батыста құмды дауыл соғады деп күтіледі. Тұман мен көктайғақ құбылыстары да болады. Суық толқыннан кейін ауа температурасының қысқа мерзімге жоғарылауы күтіледі», деп қосты сарапшылар.

 

Онкүндік соңында Батыс антициклон ығысып, жауын-шашын тоқтайды және ауа температурасы қайтадан төмендейді деп күтіледі: елдің солтүстік жартысында түнде -10... -17 градус, күндіз -5... -10 градус, оңтүстік жартысында түнде 0... -8 градус, күндіз +3... +8 градусқа дейін.

 

Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), жел болып, елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде ауа райының тұрақсыз сипаты күтіледі. Бұл атмосфералық фронталь бөліктердің жиі өтуіне байланысты. Қазақстанның басым бөлігінде тұман, көктайғақ күтіледі. Ауа температурасы тұрақсыз болады.