Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.
"Құрметті отандастар! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Біз осы жарқын мейрамды әрдайым асыға күтеміз.Бұл – тіршілік атаулы жанданып, жер-дүние жаңаратын кезең", - делінген Елбасы сайтындағы хабарламада.
Тұңғыш президент биыл Қазақстан Наурызды бірінші рет мерекелік жиындар мен салтанатты іс-шараларсыз атап өтіп жатқанын еске салды. Оның өзіндік себебі бар.
"Бүкіл дүниеге тараған вирус қаупіне тап болдық. Бірақ көктемнің келуі мен мерекелік көңіл-күйге бөленуге ештеңе кедергі бола алмайды. Біз біртұтас халықпыз және елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс істеуге дайынбыз", - деп толықтырды Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол еліміздің алдында тұрған барлық сынақтан ауызбірлік пен табандылықтың арқасында сүрінбей өтетінімізге сенімділік білдірді.
"Ұлтты ұйыстырған дәстүрлі мерекеміз баршаның үмітін ақтап, жаңа белестерді бағындыру үшін күш-қуат пен қажымас қайрат әкелсін. Осынау шуақты мейрамда әрбір шаңырақ шаттық пен игілікке толсын", - деп атап өтті Елбасы.
Ол сөз соңында барша халыққа ырыс-ынтымақ, денсаулық пен бақ-береке тіледі.