Несие алған 5 млн қазақстандықтың өсімақысы мен айыппұлы кешіріледі
Кепілсіз тұтынушылық несие алған бес миллионнан астам қазақстандықтың айыппұлы мен өсімақысы кешіріледі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смаилов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Тұтынушылық несие алып, өсімақысы мен айыппұлы бар бес миллионнан астам адам бар. Бұл шамамен 48 млрд теңгені құрайды. Осы айыппұлдар мен өсімақылар кешірілетін болады», - деді Смаилов бейсенбі күні болған баспасөз жиынынан кейін.
Сондай-ақ, ол мұның микро қаржылық ұйымдар мен банктермен бірге жүзеге асырылатынына тоқталды. Айтуынша, мұны проблемалы несиелер қоры жүзеге асыратын болады.
«Айыппұлдар мен өсімақылар – бұл қарыздың үстіне қосылған проценттер. Осы жағдайда оларды сатып алу белгілі бір дисконт болатын еді», - деді Смаилов.
Бұдан өзге айыппұлдар мен өсімақылардың негізгі қарыздың жабылған-жабылмағанына қарамастан кешірілетіні айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қиын жағдайға тап болған қазақстандықтардың банктегі несиесіне қатысты жеңілдіктер жасауды тапсырған болатын.
Кепілсіз несиелерге қатысты қарыздарды өтеу үшін 88,5 миллиард теңге қаржы тартылады деп жоспарланып отыр.
«88,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Біз осы мақсатта инвестициялық жобаларға бағыттау жоспарланып отырған қаржыны жұмсауды жөн көріп отырмыз. 370 миллиардты құрайтын тікелей инвестицияларды жыл соңына дейін республикалық бюджетке аудармақпыз», - деді ол.
300 мың теңге қарызының өтелуіне кімдер үміттене алады:
- көпбалалы отбасылар;
- асыраушысынан айырылуына байланысты көмек алып жүргендер;
- 18 жастан асқан мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар;
- мемлекеттік әлеуметтік көмек алушылар;
- жетім балалар;
- кәмелеттік жасқа толғанға дейін әке-шешесінен айырылған, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар.
Жалпы жоғарыда аталған санаттағы азаматтардың қарызын өтеу үшін 105 млрд теңге қажет болады. Осының ішінде 88,5 млрд теңге – республикалық бюджеттен алынса, 17 млрд теңге проблемалы несиелермен айналысатын қордың облигацияларынан тартылмақ.