Арқадағы ақтүтек боранның кесірінен жабылған астананың әуежайы қалыпты жұмыс кестесіне оралды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Дегенмен астана арқылы үш бірдей республикалық жолға шығуға әлі рұқсат жоқ. Боран басылғанымен жолды түгел тазалап шығу керек.
Қарға адым көрмейтін ақтүтек бораннан елордада бір тәулікте 160 жол апаты тіркелген. Ал Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайы бірден 64 рейсті кейінге шегеруге мәжбүр болды.
Кейбір үйлердің шатыры ұшып, ауладағы көлікке дейін бүлінген. Секундында 28 метр жылдамдықпен соққан жел қоқыс контейнерлері түгілі, адамдарды да ұшырып әкете жаздады.
Бірнеше бағытта жол қатынасы әлі тоқтап тұр. Төтенше жағдайлар қызметі қар құрсауында қалған көліктерден 200 адамды құтқарып алыпты. Оның 56-сы бала. Тіпті астана маңындағы елдімекендерге қатынайтын автобустар да қозғалысын тоқтатты.
Денсаулығына шағымданған 10 адам қалалық ауруханаға жүгінген. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, электр желілерінің зақымдануынан елде 70 мың абонент жарықсыз қалған. 112 нөміріне жіберілген хабарламаны көпшілік ескермей, соның зардабын тартады дейді төтеншеліктер.
Ал боран мен дүлей жел бірқатар аймақта бүгін де болады деп отыр ауа райын болжаушылар.
“Кеше төрт балықшы астаналық су қоймасына балық аулауға шықты. Өміріне немқұрайлы қарайтынын көрсетті. Төрт азамат жеке автокөлікпен шығып, адасып кеткен. ққан. Ұялы телефондары өшкен. Қазір құтқару қызметімен төртеуі де табылды. Осындай дабыл кезінде көп адамдар сыртқа шығады, дүкенге барады. Енді бұл жерде кішкене күте тұру керек”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басшысы Эльдор Райымбеков.