Нұр-Сұлтан балабақшасында балаға қол көтерген тәрбиеші жазаға тартылды

28 шілде 2022, 14:02

Нұр-Сұлтанда жеке меншік балабақшалардың бірінде балаға қол көтерген тәрбиеші әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі елорда сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Ағымдағы жылдың 7 маусымында елордалық жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиеші балаға дене жарақатын келтірген, ол баланың денсаулығына жеңіл зиян болып есептелді.

Ол бойынша учаскелік инспектор әкімшілік іс қозғап, тәрбиешінің іс-әрекетін "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы (ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігі) бойынша саралады.

Сот отырысы барысында құқық бұзушы К. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді. Сот К-ны балаға дене жарақатын келтіргені ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 15 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салған.

Баптың санкциясы 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуды көздейді. Сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайы ретінде К-ның асырауында жас баласының болуын және жасаған ісіне өкінуін ескерген.


"Балаларды еденге сүйреген": Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік балабақшаларда 15 әкімшілік іс қозғалғанын мәлімдеді
Қызылордада балабақша жүргізушісі баланы қағып кетті

ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігіне сәйкес жүкті әйелдерге және он төрт жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге әкімшілік қамаққа алуды қолдануға болмайды. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар ретінде көрінеу жас балаға қатысты құқық бұзушылықтың жасалуы танылды.

Осы әрекеттің сипатын, асырауында он төрт жасқа дейінгі баласы бар кінәлі адамның жеке басын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын ескере отырып, сотпен 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, бұл 45 945 теңгені құрайды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.