Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі спорт үйірмелеріне 1 млрд теңге қарыз

18 мамыр 2022, 23:19

Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев спорт үйірмелерінің құрылтайшылары мен жұмысшыларының арасында әлеуметтік шиеленіс пайда болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Басқарма басшысының сөзінше, бұған ақысыз спорт үйірмелеріне қаражаттың қажетті мөлшерде бөлінбеуі себепкер болған.

«2022 жылы мемлекеттік спорт тапсырыстарын іске асыруға 1 304 млн теңге бөлінді. 2021 жылы қаржының жеткіліксіз бөлінуіне байланысты биылғы бюджеттен қараша-желтоқсан айларында көрсетіліп кеткен қызметтердің кредиторлық қарызын жабу үшін 324 млн 489 мың теңге төленді. Қазіргі таңда мемлекеттік спорт тапсырысына арналған бюджет түгелдей жұмсалып кетті. Наурыз айының кредиторлық қарызы 423 млн теңге болып тұр. Сәуір айының қарызы 620 млн теңге болады деген болжам бар», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, ол дене шынықтыру және спорт басқармасы бюджетті жоспарлау басқармасына қосымша қаржы бөлу мәселесін мәслихат сессиясында қарау үшін өтінім бергенін атап өтті.

«Кредиторлық қарызды ескерсек, жыл аяғына дейін қажетті қаражат көлемі 8,4 млрд теңгені құрайды. Жалпы, биыл спорт үйірмелерімен 45 мың ваучерді қамту көзделген. Астанада 4-17 жастағы 220 мыңдай бала тіркелген. Оның тең жартысын спорт үйірмелерімен қамту үшін айына 2 млрд теңге керек. Сонда жыл сайын бұл мақсатқа 24 млрд теңге қажет. Қазіргі ахуал спорт үйірмесін ұсынушылар мен жұмысшыларының арасында әлеуметтік шиеленіс туғызып тұр», - деді Самат Жылқыбаев.