Нұр-Сұлтанда бала күтуші әйел үй иесінің 3 мың доллар ақшасын ұрлап кеткен

08 маусым 2022, 22:44

Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық криминалдық полициясының қызметкерлері күтуші болып жұмыс істеген әйелді ақша ұрлады деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

31 жастағы әйел отбасына күтуші болып жұмысқа орналасты. Бір ай жұмыс істеген ол шкафта тұрған ақшаны байқап, қожайындарының жоқтығын пайдаланып, үнемі ұрлық жасап отырған. Әйел барлығы 3000 АҚШ долларын ұрлап үлгерген.

Бір күні үй иесі ақшаның жоғалғанын біліп, полицияға хабарласты. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің "Ұрлық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде”, – деді Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Күдікті кінәсін мойындады. Оның елордада бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.