Нұр-Сұлтанда жағдай мәз емес: Қаланың бас санитарлық дәрігері жаңа шектеу шаралары туралы айтты

12 наурыз 2021, 11:40

Нұр-Сұлтанда коронавирус бойынша жағдай тұрақсыз. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Соңғы аптада ауру санының артуына байланысты, Нұр-Сұлтанда COVID-19 таралуы бойынша жағдай тұрақсыз деп бағаланады. Тәулігіне 70-тен 143 жағдайға дейін тіркеліп жатыр. Соңғы аптадағы сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы аптадан 9,9 пайызға артқан. Халықтың 100 мыңына шаққанда интенсивті көрсеткіш 59,25, репродуктивті саны 1,055 құрады. Нәтижесінде, 10 наурыздан бастап қала эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша "қызыл" аймаққа көшті", - деді Бейсенова елорда әкімдігінде өткен брифингте.

Ол мереке алдында жаппай жұқтыруды болдырмау үшін көптеген шектеу шаралары енгізілетінін айтады. 

"Мереке күндерінен кейін коронавирус жұқтырғандар санының күрт өсетінін ескере отырып, біз бұқаралық іс-шараларға тыйым салынғанын ескертеміз. Оның ішінде жаппай Наурыз мейрамын тойлауға шектеу қойылады. Санитарлық нормалар толығымен сақталуы тиіс", - дейді бас санитарлық дәрігер.