Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Нұрсұлтан Назарбаев: Еңбек елеусіз қалмайды

14 желтоқсан 2012, 13:01

Тәуелсіздік күні қарсаңында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқаны үшін көптеген азаматтар мемлекеттік наградаларға лайық деп танылды. Олардың ішінде министрлер мен облыс басшылары да бар. Кеше Н.Назарбаев награда иегерлерін Ақордада салтанатты түрде қабылдап, орден-медальдарды өз қолымен кеуделеріне тақты. Және бір үлкен жаңалық – Мемлекет басшысы осы шара барысында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі жаңа стратегиясы дайындалғанын да мәлімдеді.
«Бірнеше күннен кейін біз Тәуелсіздігіміздің 21 жылдығын атап өтеміз. Осы уақытқа дейін 21 жылдың ішінде қазақты төрткіл дүние бүгінгідей танып көрмеген. Жер-жаһанға белгілі болдық. Елдің әл-ауқаты өсіп, экономикамыз нығайды. Оның барлығы – Тәуелсіздіктің арқасы, елдің ерен еңбегі. Солардың ішінде сіздер де барсыздар», – дей келе, Мемлекет бас­шысы марапатты Отан орденін тап­сы­рудан баста­ды. Биыл аталған награданы «Соколов-Сары­бай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ президенті Мұхамеджан Турдахунов Президенттің өз қолы­нан алды. Осыдан кейін «Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым бойынша алқа мүше­сі Даниал Ахметов, Алматы қала­сының әкімі Ахмет­жан Есімов, І дәрежелі «Барыс» орденімен «Қазақ­стан электролиз зауыты» АҚ-ның президенті Алмаз Ибрагимов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ІІ дәре­желі «Барыс» орде­німен Қаныш Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық техни­калық университетінің профессоры Әбдіғаппар Әшімов, мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, «Самұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен «Қазақстан» РТРК» АҚ дирек­тор­лар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директор Сұлтан Оразалы, еңбек ардагері Кәкімбек Салықов, Парасат орденімен Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозым­баев, Үкімет басшысының орын­ба­сары Ербол Орын­баев, «Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя, Орталық сайлау ко­мис­сиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов, ІІ дәре­желі Даңқ орденімен Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов, Республикалық Ұлан қолбас­шы­сының бірінші орынбасары Ермек Үкібаев, Бас прокурордың орынбасарлары Нұрмұханбет Исаев пен Андрей Кравченко марапатталса, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы әнші Дильназ Ахма­дие­ва мен Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрайымы Ақұштап Бақтыгерееваға табысталды.
Сондай-ақ Н.Назарбаев әдебиет пен өнер саласындағы 2012 жылғы Мем­ле­кет­тік сыйлықтың иегерлерін құттықтады. Ақордада ол сыйлық «Арқатірек» поэ­ма­лар жинағы үшін ақын Несіпбек Айтұлына, «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясы үшін жазушы Сәбит Досановқа, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған концерттік бағдарламасы үшін әнші Әлібек Дінішев пен «А.Вивальди-А.Пьяцолла «8 сезонов», Intrabaroque кон­церт­тік бағдарламалары үшін скрип­ка­шы Гауһар Мұрзабековаға берілді. Ал «Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы» атты алғашқы мара­пат­қа Қазақстанның Халық әртісі Жәния Әубә­кірова ие болды. «Елдің еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды. Сіздерге мемлекеттік наградаларды тапсыру арқы­лы мен барлық қазақстандықтарды марапат­­­та­ған­дай боламын», – деді өз сөзінде Президент.
Мұхамеджан ТУРДАХУНОВ, «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ президенті, Отан орденінің иегері:
– Кәсіпорынның мыңдаған ұжымы атынан шын алғысымды айтамын. Себебі бұл марапат – менің ғана емес, барлық қызметкерлердің ортақ жетіс­тігі. Президент мырза, Сіздің Соко­лов-Сарыбай кен-байыту өнді­ріс­тік бірлес­тігіне деген көзқарасыңызды жақсы білеміз. Соның арқасында бүгін­де біз жұмыс істеп, дамып жатырмыз.

Юрий ПЯ, «Кардиохирургия ұлттық ғылы­ми орталығы» АҚ басқарма төрағасы, Парасат орденінің иегері:
– Бұл Қазақстанның барлық меди­цина саласына берілген үлкен баға деп білемін. Жеке өз атымнан және барлық қызметкерлердің тарапынан қазіргі жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндіктің барына шын ризамыз, сол үшін мың алғыс айтамыз. Негізі, бүгінде кардио­хирургия бойынша әлемдік техно­логиялардың барлығы бізде бар. Ел халқы оған емін-еркін қол жеткізе алады. Осы уақытқа дейін орталықта 2000-нан астам ота жасалды. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш 9000-ға дейін жетті.

Даниал АХМЕТОВ, Еуразиялық эконо­микалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым бойынша алқа мүшесі, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев» орденінің иегері:
– Бүгінде мен Еуразиялық эко­но­микалық комиссияда көлік, энергетика және инфрақұрылым бойынша министр қызметін атқарып жүрмін. Бұл – өте ауыр әрі жауапты жұмыс. Мен үшін ол қызмет өмірімнің жаңаша бір кезеңі іспетті. Әрине, кез келген награда жауап­кершілік жүктейді. Осы жауап­кершіліктің үдесінен шығуға тыры­самын.

Жәния ӘУБӘКІРОВА, Қазақстанның Халық әртісі, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Мем­лекеттік бейбітшілік және прогресс» сыйлы­ғының иегері:
– Шынымды айтсам, мен үшін бұл тосыннан жасалған сыйлық болды. Награда туралы Бейрут пен Ливанда гастрольдік сапармен жүргенде естідім. Содан ұшаққа отырып, елге келдім. Өз басым шетелде жиі жүргеннен кейін сол жақтағы әріптестермен үнемі кездесіп тұрамын. Олар ылғи Қазақ­станның ұлттық жаңғыруы туралы айтады. Шынымен де, біздің әртістер кез келген концертте оттай жанып тұрады. Меніңше, біз пассионарлық ұлтқа айналып келеміз.

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты марапаттан кейін Президент 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын жария­лай­тындығын жеткізді. «Соңғы жылдары атқарылған жұмыстың арқасында біз Қазақ­станның 2030 жылға дейінгі бағдар­ламасының бірқатар тармақтарын мерзі­мінен бұрын орындап шықтық. Ал дүние­жүзінің барлығы өзінің ғасырдың ортасына дейінгі бағдарламасын жасап жатыр. Біз де үлкен сараптама жасап, 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын даярладық», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Аталған стратегияны Мемлекет басшысы бүгін «Астана-опера» театрында өтетін мере­келік жиын барысында жария етпек.