Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Нұрсұлтан Назарбаев: Халық пен мемлекеттің мүдделерін ескере отырып, мен еліміздің халқы үшін қажет шешімді қабылдаймын

21 қаңтар 2011, 12:56

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жұртшылығының өкілдерімен кеңес өткізді.
Кеңеске Парламент Сенатының төрағасы Қ.Тоқаев, Парламент Мәжілісінің төрағасы О.Мұ­ха­меджанов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер минис­трі Қ.Саудабаев, Президент Әкімшілігінің бас­шысы А.Мусин, Президент Әкімшілігі бас­шы­сының орынбасары М.Әшімбаев, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматуллин, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Р.Халмұрадов, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті А.Соловьева, Қазақстан Республикасы Президенті жа­нындағы рақымшылық жасау жөніндегі ко­мис­сияның төрайымы З.Федотова, халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Ә.Кекілбаев, генерал-лейтенант, Қорғаныс министрлігінің бас инспекциясының бастығы, Халық қаһарманы Б.Ертаев, Президенттік мәдениет орталығының директоры М.Жолдасбеков, Қазақстанның Патриоттар партиясының төрағасы Ғ.Қасымов, «Ақ жол» партиясының төрағасы Ә.Бәйменов, Қазақстанның демократиялық «Әділет» пар­тиясының төрағасы М.Нәрікбаев, Қазақстан­ның социал-демократиялық «Ауыл» партиясы­ның төрағасы Ғ.Қалиев, «Руханият» партиясының төрағасы С.Мәмбетәлин, Қазақстан коммунис­т­ік халықтық партиясының бірінші хатшысы В.Косарев, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлер форумы кеңесінің төрағасы Р.Баталов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Е.Сыдықов, Шығыс Қазақстан облысы орыс әлеуметтік-мәдени орталығының жетекшісі М.Панин, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Н.Өтешов қатысты.
Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу, сондай-ақ референдум өткізу жөніндегі жалпыұлттық бастама мәселелері талқыланды.
— Тәуелсіздік — бұл біздің ең басты құн­дылығымыз. Сондықтан мерейтойды мере­ке­леудің әрбір қазақстандық үшін маңызы ер­ек­ше. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттілік бекіп, өміріміздің барлық саласын жеделдете жаңғырту кезеңі болды. Қазақстан осы жолда көп жетістікке қол жеткізді. Тарихи өлшемдер бойынша қысқа мерзім ішінде іс жүзінде жаңа мемлекет құрылды. Мемлекеттік басқарудың тиімді институттары құрылды. Саяси жүйедегі реформалар ойдағыдай жүргізіліп, азаматтық қоғам институттары даму үстінде. Біз тіпті жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс болған кездің өзінде де өзінің өміршеңдігін дәлелдей алған заманауи нарықтық экономиканы құрдық. Былтыр еліміз ЕҚЫҰ-ға ойдағыдай төрағалық етіп, ұйым Саммитін өткізді. Ал биыл біз Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеміз. Жалпы алғанда, артта қалған 20 жыл ішінде біз елдігімізді нығайтып, болашақтағы даму мен гүлденуге қажетті базаны қалыптастырдық. Және де осының барлығы Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды. Міне, сондықтан да Тәуелсіздік біз үшін осындай үлкен маңызға ие. Және сондықтан да оны атап өтуді жоғары дәрежеде ұйымдастыруымыз қажет, — деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңеске қатысушылар Тәуелсіздіктің ал­дағы 20 жылдық мерейтойын мерекелеу мәселелерін талқылады және Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті — Ел­ба­сының өкілеттілігін ұзарту жөнінде референ­дум өткізудің жалпыұлттық идеясын бірау­ыз­дан қолдады.
— Биыл еліміздің барлық азаматы, Сіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, барлық қазақстан­дықтар үшін ең қасиетті деп өте әділетті түрде атаған тарихи оқиға — мемлекет Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелейтін болады. Мерейтойды мерекелеу тұжырымдамасын талқылауға үкіметтік емес ұйымдар да тартылды. Біз осы жылдары жаңа мемлекеттің құрылысы­на қатысып отырғанымызға мақтаныш сезімін қалыптастырдық, біз ел тағдыры және біздің азаматтардың болашақ ұрпақтары үшін бірлескен жауапкершілікті көтеруге дайынбыз. Референдум өткізуге қатысты айтар болсақ, белгілі бір шынайы сәт басталды. Біз Мемлекет басшысы бастаған тарихи бағытты жалғастыру жолымен жүреміз, — деп атап өтті Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева.
— Референдум өткізілуі тиіс, өйткені бұл — Қа­зақ­стан халқының қалауы. Президент ешқашан да өз халқының еркін қағыс қалдырған емес. Ол — халықтың сенімін өзінің ішкі және сыртқы саясатымен ақтаған, халықаралық қоғамдастық­та танылған көшбасшы. Біз Қазақстанның бола­шағын тек онымен ғана байланыстырамыз, — деп атап көрсетті ШҚО орыс әлеуметтік-мәдени орталығының жетекшісі Михаил Панин.
— Біздің Президент — біздің әрқашан да қол­дай­тын көшбасшымыз, — деп атап өтті Қа­зақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев.
— Мемлекет басшысының арқасында Қазақ­станның беделі өсті және халық Қазақстанды бірлігі жарасқан ел ретінде көргісі келеді, оның бастауында әрқашан да біздің Елбасымыз, Жоғары бас қолбасшы, Мемлекет басшысы тұруы тиіс, — деп атап өтті генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.
«Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрік­баев та референдумға қолдау білдірді. «Референдум бір жүйеден тұрақты эволюциялық түрде екіншісіне өтуі, Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған экономикалық, әлеуметтік және саяси үдерістер жалғастырылуы үшін Қазақстан халқына керек», — деп атап өтті М.Нәрікбаев.
Жалпыхалықтық бастаманы сондай-ақ Қа­зақстан Республикасы Кәсіпкерлер форумы кеңе­сінің төрағасы Райымбек Баталов та қол­дады.
— Біз ең алдымен тұрақтылықты жақтаймыз, ал бұл тұрақтылық — біздің мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған жіті де айқын саясаттың арқасы, оны бүкіл халық қолдап отыр, сондықтан да бұл тұрақтылық біз үшін өте маңызды, — деп атап өтті Р.Баталов.
— Ең маңыздысы — Конституцияны бұзбастан, халықтың пікірімен санасу. Қазір халық референдум арқылы өз пікірін білдіргісі келеді. Біз де оны қолдаймыз, — деп атап өтті ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымов.
— Референдум — бұл халықтың өз еркін білдіруі, ол барлық елдің дерлік Конституциясында қаралған. Біз еліміздегі сайлаушылардың басым бөлігі қолдап отырғандықтан, референдум өткізу бастамасына қолдау білдіреміз деп шештік, — деп атап өтті Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының бірінші хатшысы Владислав Косарев.
Қазақстан жастарының атынан «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешов референдумды өткізу бастамасына қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
— Бүгінгі таңда әрбір жас азамат негізі қаланған сәттен бастап біздің мемлекетіміздің гүлденуін Елбасы, Мемлекет басшысы — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ғана байланыстырады», — деді Н.Өтешов.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Розақұл Хал­мұратов: «Референдум өткізу жөніндегі бүкіл­халықтық бастама — бұл ең алдымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына бүкіл ха­лықтың тарихи қолдау білдіруі», — деп атап өтті.
Мемлекет басшысы кеңеске қатысушыларға Тәуелсіз мемлекеттің қаланған кезінен бастап жүр­гізіліп келе жатқан осы стратегиялық саясатқа шын жүректен қолдау білдіргендері үшін алғысын айтып, референдум өткізу мәселесі тек Қазақстан хал­қының еркіндегі мәселе екенін атап өтті.
— Бүгін сіздер қоғамымызда қызу талқыға түсіп жатқан тағы бір маңызды мәселені көтер­діңіздер. Бұл — референдум өткізу жөнін­дегі бүкіл­халықтық бастамаға қолдау білдіріп, қол жи­нау науқанының аяқталуы мен Тұңғыш Пре­зиденттің өкілеттілігі мерзімін ұзарту жөніндегі референдумның өткізілуіне рұқсат беретін Конституцияға Парламент енгізген өзгерістер. Бар­лығыңызға қолдау білдіріп, бүгін айтқан жылы лебіздеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Бұл бастама бұқара халықтың қолдауына ие болғандықтан және 5 миллионнан астам қол жиналғандықтан, зор мақтаныш сезімінде отырмын. Бүкілұлттық бастамаға партиялар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, барша қазақстандықтар қолдау білдірді. Бірде-бір мемлекет саясаткері халық пікірін елеусіз қалдыра алмайтындығы белгілі. Бірақ мемлекеттік ұстаным тұрғысынан мен үшін бұл мәселе өте маңызды. Сондықтан барлық «иә» және «қарсы» деген пікірлерді таразылай отырып, халық пен мемлекет мүддесін ескере отырып, мен еліміздің халқы үшін қажетті шешім қабылдаймын, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.