«Оқушыға хиджап киюге рұқсат беру – құбыжық саясатты мойындаумен тең» – Светқали Нұржанов

13 маусым 2022, 13:21

Ата-анасының дін жолына түскеніне бала жауапты емес деп жазады newsroom.kz порталы.

Сондықтан мектеп оқушыларына хиджап кигізуге рұқсат беруге болмайды. Белгілі ақын Светқали Нұржан «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында осындай позициясын білдірді.

«Мен түбегейлі қарсымын. Бұл деструктивті ағымдардың құбыжық саясатын мойындау болып шығады. Қай ата-бабаңның көрдің, перзентін тумай жатып тұмшалап қойғанын. Әр жастағы қыз баланың өзінің киетін киімі бар. Орамалдан кимешекке дейін.

Қазақ ешқашан әйелі мен қызын жұтындырып киіндірмейді. Кемпірлер «жұтындырмай отыр» деп баяғыда ұрысатын. Қазақтың қызы бетін ашып жүреді, бәледен қашып жүреді. Сарттың қызы бетін бүркеп жүреді, бәлесін артына тіркеп жүреді дейді. Сол айтқандай біз бетімізді қанша ашып жүргенімізбен құдайдың алдында жүзіміз жарық. Ешқашан бәле ертпеген халықпыз. Сондықтан сананы тәрбиелеу керек. Хиджаптың тасасында қандай бомбалардың жарылып жатқаны белгілі», – дейді ақын.