Олимпиада ойындары өтіп жатқан Токиоға жойқын тайфун жақындап келеді

25 шілде 2021, 20:15

Табиғаттың тосын мінезіне байланысты Олимпиада ойындарының жарыс кестесі өзгеруі мүмкін

Жақында Жапония астанасы Токиода үш қабатты үйдің биіктігімен бірдей толқын, қатты жел және нөсер жауын болады деп болжанып отыр. Қазір бұл қалада жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатыр.

Жарыс ұйымдастырушылары ауа райына байланысты бірқатар спорт түрінен жарыс уақыты ауысуы мүмкін екенін ескертті.

Жапонияның ұлттық метеорология агенттігі Токиоға "Непартак" тайфунының жақындап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды 360tv.ru порталы жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Табиғи апаттан нөсер жауын-шашын және биік толқындар күтілуде. Қазір тайфун Жапониядан оңтүстікке қарай орналасқан Бонин аралдарында.

Табиғат апат өзімен бірге қатты жел әкеледі деп болжанып отыр. Қазір оның жылдамдығы секундына 20 метрді құрайды, бірақ ел астанасына жақындаған сайын одан әрі күшейеді деген болжам бар.

"Непартак" Жапонияның шығыс жағалауына жеткенде, жел толқындарды алты-сегіз метрге дейін көтереді. Метеорологтардың болжамынша, Токиода 100-ден 150 миллиметрге дейін жауын түседі.

Олимпиада-2020 ұйымдастыру комитеті тайфунға байланысты жарыс кестесі өзгеруі мүмкін екенін хабарлады.

Жазғы Олимпиада ойындары Жапонияда былтыр өтуі керек еді, алайда пандемияға байланысты 2021 жылға ауыстырылды.

sputnik.kz