Оралда түрмеде төбелес болып, он адам жарақат алды

13 мамыр 2022, 12:21

Оралда түрмеде жазасын өтеушілер төбелесіп, 10 адам жарақат алды. Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 10 мамыр күні шамамен сағат 05.00-де қауіпсіздігі орташа РУ-170/2 мекемесінде болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мекеме жатақханасында жазасын өтеушілер бір-бірімен сөзге келіп, соңы бұзақылық әрекетке ұласқан. 10 минут ішінде кезекші жасақтың күшімен төбелес тоқтатылған. Барлық қатысушыларға алғашқы медициналық жәрдем көрсетіліп, облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Жазасын өтеушілердің өміріне қауіп жоқ. 

"Аталған дерек бойынша Орал қаласы полиция басқармасы Зачаган полиция бөлімі қызметкерлерімен ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігіне (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күні бүгін жазасын өтеушілер тарапынан арыз-шағым түскен жоқ. Қызметтік тексеру тағайындалды", – деп хабарлады ведомстводағылар.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға салдарынан жарақат алған 1985 жылғы жазасын өтеуші дәрігер қарағаннан кейін облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылғанын айтты. 1992 және 1988 жылғы жазасын өтеушілер дәрігерлер қарауынан соң кері қайтарылған. Оқиға орнынан ұзындығы 1 метр болатын 6 дана металл құбыр, ұзындығы 1 метрлік 3 дана ағаш таяқ алынған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, барлығы 10 адам жарақат алған. Олардың екеуі медициналық көмектен бас тартты. Жетеуі қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Көмек көрсетілгеннен кейін отырған жерлеріне қайтарылды. Төменгі жақ сүйегі сынған бір адам облыстық ауруханаға жатқызылды.