Оралда зейнеткерді өз үйінде пышақтап кеткен

11 наурыз 2022, 14:11

Оралда 72 жастағы зейнеткер өз үйінде өлі табылды. Зейнеткердің денесінен көптеген пышақ жарақаттары анықталған. Қазір полицейлер қылмыскерді іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қайғылы оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Әйел бұл кезде үйінде жалғыз болған. Бұл туралы пікір білдірген полиция департаментіндегілер зейнеткердің үйінен заттардың жоғалмағанын айтты. 

"9 наурыз сағат 18:30-да Зачаганск ауылының 1950 жылы туған тұрғынының мәйіті табылды. Өлімнің алдын ала себебі – көптеген пышақ жарақаты. Мәйіт сот-медициналық сараптамасына берілді. Аса ауыр қылмысты ашу үшін БҚО Полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамдардың тізімі жасалуда. Сәйкес сараптамалар тағайындалды", - деді БҚО Полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының басшысы Сұлтан Шалдарбеков. 

Аталған деректен кейін Қылмыстық кодекстің 2 және 192-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.