Оралдық әйел үш баласымен бірге секіріп өлмек болды

10 желтоқсан 2021, 18:05

Оралдық әйел 3 баласымен бірге биік ғимараттан секіріп өлмекші болды.  Мамандар Алтынгүл Теміршееваға дер кезінде көмектесіп үлгерді. Жас ананың мұндай қадамға баруға бел байлауына қиын әлеуметтік жағдай мен күйеуінің бас бостандығынан айрылуы себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

 
СУИЦИДКЕ НЕ ИТЕРМЕЛЕДІ?

Алтынгүл Теміршеева осыдан екі жыл бұрын ауылдан Орал қаласына көшкен. Жасы 33-те. Оған елдімекенде жұмыстың жоқтығы себеп болған. Күйеуі құрылыста жұмыс істеп келген. Өзі бала күтіміне байланысты үйде отыр. Жуырда отбасында 3-ші нәресте дүниеке келді. Алайда, ерлі-зайыптының қуанышы ұзаққа бармады. Алтынгүлдің күйеуі қамауға алынып, жас ана жаңа туған, 4 және 6 жастағы үш баламен жалғыз қалды.

Жуырда ол әлеуметтік желіде балаларымен бірге биік ғимараттан секіріп өлуге бел байлағаны туралы жария етті. Жазбаны оқыған адамдар тиісті органдарға хабарласқан. Осылайша мамандар қайғылы оқиғаға тосқауыл болды.

«Күйеуім жүргізуші куәлігінен айрылып қалған. Жалпы оғаш қылығы жоқ жақсы адам. Жуырда қайтадан рөлге отырып, бұрылыста қарсы беттегі автомобильді сырып өтіпті. Болар-болмас қана сызат түскен. Иесіне оны қалпына келтіруге 10 мың теңге төледік. Алайда, полиция күйеуімді қамауға алды. Тергеуші 4 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін екенін айтқанда төбемнен жай түскендей болды. Абдырап қалдым. Өзім жаңа босанған едім, оның үсіне үлкен балам ауырып қалды. Дәрі-дәрмекке ақша жоқ. Қиналып кеттім. Сол сәтте Алматыда 3 балалы ананың секіріп өлгені жайында оқыдым. Бұл оқиға маған қатты әсер етті. Басыма түскен проблемалардан қашып, мен де солай істегім келді. Қазір қатты өкінемін. Адам қиналған кезде өзі бұған дейін тіпті ойына алмаған әрекетті жасағысы келеді екен. Сол үшін әлі күнге жаратқаннан кешірім сұрап жүрмін», - дейді үш баланың анасы.

ДӘРІ-ДӘРМЕКТІ НЕСИЕГЕ АЛЫП ОТЫР

Алтынгүл Теміршеева 3 топтағы мүгедек. Туа бітті кемістікке шалдыққан. Інісінен басқа қол ұшын беретін жақын адамы да жоқ. Ата-анасы дүние салған. Күйеуі екеуінің 3 несиесі бар. Ай сайынғы төлем 60 мың теңгеден асады. Ол банктік қарызды өтей алмайтындығын айтады. Балалары ауырып, қысылғанда дәрі-дәрмекті де несиеге алған. Бірақ төлемді өтей алмай жүр.

«Үлкен баламның сабаққа бармай жүргеніне 1 айдан асты. Бауыры ауырады. Дәрі-дәрмек алу керек болды. Күйеуімнің атынан «Kaspi RED» арқылы қарыз рәсімдедім. Үш несие бар. Күйеуіме адвокат жалдадық. Оның бәрі шығын. Біздің отбасы үшін өте үлкен сома», - дейді Алтынгүл.
Отбасы пәтер жалдап тұрады. Айына 70 мың теңгедей төлейді. Бір адамның табысын бір отбасына жеткізу оңай емесі анық.

«Атаулы әлеуметтік көмек алмаймыз. Өйткені жолдасымның атында көлік бар. Ешкімнен көмек сұрап алақан жайған емеспіз. Жолдасым сотталып кетсе күніміз не боларын білмйміз. 20 желтоқсан күні үкім шығуы тиіс. Сол күн жақындағанын ойлаған сайын жүрегім алқымыма келеді. Қиналып жүрмін», - дейді Алтынгүл.
«Адамның өзіне қол жұмсауының бірнеше түрі бар. Өмірдің қиын жағдайына түсіп суицидке баратындар, аяқталмаған суицид және бопсалау. Алтынгүлдің мұндай қадамға бармақ болған әрекетін босанудан кейінгі депрессия және күйеуінің сотталып кетуі мүмкін деген қорқынышпен байланыстырамын. Өзі жетім өскен бала. Осы күнге дейін арқасүйер болып келген жалғыз адам  – күйеуі. Одан айрылып қалсам өмірім не болады деген үрей. Әрі табыстан таршлық көріп отыр. Туыс-туғаннан қолдау жоқ. Осы жағдайлар тек психикасына ғана емес, денсаулығына да кері әсер етіп отыр. Жас ананың стресстен сүті азайып кеткен. Оған емханадан бірнеше қорап жасанды сүт берілді. Алтынгүл пост жариялаған кеште үйіне бардық. 3 сағаттан артық уақыт әңгіме жүрді. Оның пікірін өзгерткендей болдық. Ол әрі қарай психологтардың бақылауында болады», - дейді психолог Анар Шадманова.

Ресми деректерге сүйенсек, әлемде әр үш секунд сайын бір адам өзіне қол жұмсамақ болады. Әр 40 секунд сайын суицид бір адамның өмірін қияды. Қазақстанда да қайғылы статистика жан түршіктіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, еліміз Орталық Азия мемлекеттері арасында суицид көрсеткіші бойынша 3-ші орында тұр. Биылғы жылдың алғашқы үш айында 834 адам өз өмірін қиған. Орта есеппен күніне 9 адам суицид жасау арқылы бұл дүниемен қош айтысып жатыр. Мұндай қадамға бала да, қарт та барады. Қайғылы статистика жыл сайын өсіп келеді.