Ел жаңалықтары

Ормандағы өртке көбіне адамдар кінәлі болады: Орманшы әйел қазақстандықтардың табиғатқа жанашыр еместігін айтты

  • Ормандағы өртке көбіне адамдар кінәлі болады: Орманшы әйел қазақстандықтардың табиғатқа жанашыр еместігін айтты

    Ормандағы өртке көбіне адамдар кінәлі болады: Орманшы әйел қазақстандықтардың табиғатқа жанашыр еместігін айтты

Райхан Мұхаметжанова - Семей қаласының тумасы. Іле Алатау Ұлттық табиғи бағына 2007 жылы ақпан айында келген. Негізгі мамандығы - бухгалтер-экономист.

"Бұл әйелдің істейтін жұмысы емес"

Іле Алатауына бастапқыда орманшы болуға келген жоқпын. Ол заманда жұмыс тапшы болып, Алматыға жұмыс іздеп келген едім. 

КСРО ыдырымай тұрып, тұрмысқа шықтым. Кейін тәуелсіздік алған соң апайым жұмысқа шақырды. Алматыда қытайлық компанияға бухгалтер болып кіруге келгенмін. Алайда жұмыс бұйырмады. Семейде ол кезде жұмыс жоқ, мемлекеттен көңіл бөлінбейді. Сонда дүкенде сатушы, администратор болып істедім. Тауда туризмге қатысы бар жұмыс шықты. Семейге жұмыссыз қайтуға намыстандым. Осында қаламын, барып көрейін деп шештім. Медеу филиалының директорымен сөйлесуге кіргенде, ол кісі маған қарап отырды да "Жоқ, мен ала алмаймын, бұл әйелдің істейтін жұмысы емес" деді. Содан соң бас директормен сөйлесіп көрмек болдық. Сонда мені ертіп келген танысым "көрсінші, кірейін деген жұмысқа кіре алмай қалды" деп бір ауыз айтты. Ол кісі біраз қарап тұрып, "көрсін" деп немқұрайлы айтты. "Бірақ 200 пайызға сенімдімін, бұл жұмысты тастап кетіп қалады" деді. 

Осылайша күдікпен жұмысқа алындық. Міне, осы жұмыста жүргеніме 14 жыл болды. Еңбек болған соң қуанышты да, ауыртпашылықты көрдік. Шынымды айтсам, өзімнің жұмысымды сондай жақсы көремін. Әу баста мамандық таңдағанда қателескенмін деп ойлаймын. 

Бала кезден деректі фильмдерде тау, өзендерді көрсететін. Сонда осы фильмдерді жүрегіммен сезінетінмін, әдемі әсер қалдыратын. "Кейін өскенде осындай жерге барып, демаламын" деп айтатынмын. Қазір жақындарым бала күнгі арманың орындалған деп күліп жатады. 

Бұл менің табиғатқа деген бала кездегі сүйіспеншілігімнің арқасы ма деп ойлаймын. 

 

Орман алғаш өртенгенде ақырзаман орнағандай болды

Сол жылы 1 қыркүйекте ең алғаш рет орман өрті болды. Менің түсінігімде орман өрті деген қорқынышты нәрсе. Басты міндетім өртті болдырмау деп ұқтым. Түскі уақытта тамақ ішіп отырған едік. Ол уақытта бір-бірімізді жақсы танымаймыз, арақашықтық ұстаймыз. Бір мезетте "Райхан Оразхановна, өрт болып жатыр" деді. Ішіп отырған шайымды ысыра салып, қандай киімде отырмын, сонымен тауға кетіп қалыппын. Үстімде ақ киім, резеңке сланцы, бриджи сонымен тауға шығып кеттім, киім ауыстыру ойыма да келмеген. Мен үшін ақырзаман орнағандай болды. Бұл менің алғашқы өртім. 

20 литрлік су шашатын құрылғымен тау басына түтін шығып жатқан жерге шықтым. Суды көтеріп, жүре алмай келе жаттым. Себебі жолдар соқпақ, арнайы жол жоқ еді. Аяғымды сырып, қанатып, өрт шыққан жерге жеттім. Осындай кезде кейбір ер адамдар бастықтардың көзінен таса жерге кетіп қалып жатады. Әрине, жанашыр адамдар да бар. 

Сағат 11-12-ге қарай таудан түстік. Өртті жартылай сөндірдік, басқа жаққа таралмауы үшін окоп қаздық. Түнгі 11-12-ге қарай таудан түстік. Бастықтар бізді төменнен дүрбімен бақылап тұрады. Бәрі ахлеп-үхлеп суға жармасты, біреу темекі шегуге отыра қалған. Ал мен болсам, кейін білдім, таудан түсіп, инспекторлардың жан-жаққа тастап кеткен күрек, су шашатын құрал-жабдықтарын жинап, апарып, көліктің артына салып, реттестірген екенмін. Оны өзім шаршаған соң білмеймін де. Кейде таудан түсіп, суға 3-4 рет түсеміз.

Сол жылы қыркүйектің 17-нде орманшылар күні тойланды. Сол күні бас директор жаныма келіп, жетектеп ортаға алып шықты. Маған үш ай сынақ мерзімін берген, жұмыстан шығаратын шығар дедім. Ол кісі керісінше "бүгіннен бастап бұл кісіні орманшы" деп есептеймін деді. "Міне, батыр әйел" деп ортаға алды. Сөйтсем, бұл кісі таудағы әрекеттерімді, менің ерлердің шашқандарын артынан жинағанымды көріп тұрған екен. Сол күннен бастап маған ұжымның, басшылардың көзқарасы өзгере бастады. 

 

Орманда болып жатқан нәрсенің бәріне жауаптымын

Орман шаруашылығы саласын кейіннен оқып алдым. Түнде үйден қағаздарды алып келіп, осы саланы өз бетіммен отырып меңгердім десем артық айтқаным емес. 

Осы орманшылықты басқарып отырған соң, мұнда болып жатқан нәрсенің бәріне мен жауаптымын. Туризм мәселесі, орман шаруашылығы, ең басты міндетіміз парк аймағындағы ауылдарды бақылап, маңайында заң бұзушылықтың болмауын қадағалау. Орман өртін болдырмау. Ұжымда бар инспекторларды орман, туризм саласының жұмыстарын ұйымдастырып, дұрыс атқарылуын қадағалау. 

Орман шаруашылығына байланысты көктемде біз тал егу жұмыстарын жасаймыз. Тауда ағаш көшеттерін отырғызамыз. Биыл Бутаковка шатқалында 8 гектар жерге отырғыздық. Әдетте төрт жылдық шырша ағаштарын егеміз. Бес жылға дейін егілген  көшеттерге күтім жұмыстарын жасаймыз. Шөп жұлу, топырағын қопсыту, арамшөбін алу біздің міндетке кіреді. Бұл - орманды қалпына келтіру жұмыстары. 

Жаздай күтім жасап, күзде санақ жүргізіп, қанша пайызға өскенін анықтаймыз. Келесі жылы толықтыру жұмыстарын жасау керек пе, соны анықтаймыз. Келесі жылға орман көшетін отырғызуға алаңша дайындаймыз. Ені 80 см, ұзындығы 1 м 80 см ылғал ұстайтын жер дайындау жұмыстарын жүргіземіз. Ауырған ағаштарға патологиялық талдау жүргіземіз, емдеуге жарамайтын ағаштарға дабыл парақшаларын жазып, уақыт өте келе емделмегендерді кесу жұмыстары жүргізіледі. 

Іле Алатауы - ауыртпалығы көп орман

Ең бір ауыр мәселе демалушы саны көп. Қазақстан бойынша ауыртпалығы өте көп орман - Іле Алатауы. Себебі қаланың тура жанында орналасқан, сондықтан келушілер саны өте көп. Қазір бір реттік қолданылатын заттар, полиэтилен сияқты заттарды тастап кетіп жатады. Таң атпай аула жинайтын 5 қана жұмысшымыз бар. 26 мың гектар жерге, солармен кейде өзім бірге жүріп, қоқыс тазалаймын. 

Постта тұрып, "түсіп келе жатқанда қоқыстарды алып түсіңіздер" деп пакет, қап ұсынған кездер де болды. Берген қапқа қоқысты салып кететін адам саны аз болды, шамамен 10 пайыз, қалғаны сол жерге тастап кете береді. Айыппұл салынады, арнайы жеделтоп бар. Орман қорғау инспекторлары, мен де 372-баптың 4-тармағы бойынша айыппұл салып жатамыз.

Орманда от жағу мәселесі - бөлек проблема. Арнайы орындарда емес, одан тыс жерлерде от жағатындар бар. Онымен күресіп келеміз. 

 

Жұмысымдағы ең қиын нәрсе  - адамдармен қарым-қатынас

Осы саладағы ең қиын нәрсе  - адамдармен қарым-қатынас. Ойыңды айтсаң, түсінбейтін кездер болады. Адамның бір-бірін түсінуі қиындап кетті. Кейде ағаштарды сындырып, табиғатқа қиянат жасап жатқандарды көргенде бір ауыз ескерту айтсаң, өзіңе қарсы шығады, қаралауға дайын тұрады. 

Жұмысымдағы тағы бір қиын тұсы - таудағы өрт. Арнайы жол жоқ, бәрі соқпақ. Осындай да өрттің алдын тоқтату керек. Таудың жоғары бөлігінің, орман ағаштарының жануы ең қауіпті өрттің түрі, оны тоқтату қиын. Тау жағдайында арнайы техника көтеріле алмайды, суды арқамызға көтеріп шығамыз. Осындай таудағы инспекторларды "қанатпен су сепкен қарлығашқа" теңер едім. Бір орман өртінен соң қолымыз біршама уақыттан кейін әрең жазылады. Осының бәріне қарап "мен әйелмін" деп тұрмаймын. Күректі де, сүйменді де ұстап жұмыс істеймін. Бір ағаш болсын аман алып қалайық, бір марал болсын тірі қалсын деп жанталасамыз.  Табиғатқа деген сүйіспеншілік, жанашырлық мені осы салада ұстап тұр. 

 

Адамдар қалдырған қоқыстың ішінде памперстан бастап бәрін табуға болады

Жаз айында таңғы 5-те жұмысқа шығамыз. Сенбі, жексенді демалыс жоқ. Орман саласында жұмыс істейтіндер әдетте таңғы уақытта жұмысқа кіреседі. Кейбірі қызметтік аттарын ерттеп, айналып шығады. Ал мен тазалық қадағалап отыратын жұмысшылармен еріп, қоқыстардан ауланы тазартуға көмектесемін. Аптасына бір рет жиналыс өтіп, сол жерде тапсырма беріледі. 

Жаз күндері жұмыс күндері сағат 6-да аяқталады, ал демалыс күндері соңғы туристке дейін жүреміз. 

Ботқаға айналған қоқысты біздің қызметкерлер жинап жатады. Ішінде не жоқ: баланың памперсынан бастап бәрі бар. 

Табиғатты аялау мәдениетін бала кезден тәрбиелеу керек. Ондай ата-аналар жоқ емес. Жұмыс бабымен паркте жүрген уақытта демалушыларға түсіндірме, үгіт-насихат жүргіземіз. Баласы мен анасы отырады. Анасы қолындағы ішіп тұрған суының бөтелкесін лақтыра салады, әкесі бір бұтақты сындырып отқа жағып жатады. Осыны көрген бала қалай табиғатты аялайды?

Ескерту жасамай, бірден ең үлкен көлемдегі айыппұл төлету керек шығар деп те ойлаймын. Мұны маған осыдан бірнеше жыл бұрын Іле Алатауына келген жасы үлкен апа айтқан еді. Басқа шетелдік елдерді мысалға келтіріп, "сендердің қателіктерің бізге ескерту жасағандарың" деген болатын. Ол кісінің сөзінің жаны бар. 

Қызыл кітапқа енген жануарларды көзбен көрдім

Бұл жерде аң аулау, балық аулау түрлері тыйым салынған.  Ақсай, Түрген филиалының инспекторлары браконьерлерді ұстаған. Қатты тыйым салынған болса да, ондай жағдайлар болған. Аңдардан марал, елік, түлкі, қасқыр, аю, барыс бар. Күнделікті көрмесек те, кейде байқап жатамыз. 

Паркте апорттың атасы аталып кеткен сивирс алмасы өседі. Мәдени сорттар сивирс алмасымен будандастырылып шығарылады. 

Тауда шымылдық, бәйшешек, одан бөлек, рауғаш күнгей бетте өсіп келеді,  қызғалдақтардың түрлері бар, қырқашаш өседі. Құстар, жан-жануарлар да өте көп, алты түрі бар. Қазақстанның символы - қар барысы бар. Оның мекендейтін жері сәл жоғары.  Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні, тас сусары, арқар, үнді жайрасы - Қызыл кітапқа енген жануарлар Іле Алатау саябағын мекендейді. Олардың көбін өз көзімізбен де көріп жүрміз.

Орманда өсетін апорт, таңқурай жемістерді жинап алушыларға орман билетін жазып береміз. Алманың бағасы бір келіге - 25 теңге. 

 

 Дәретханалардың ағаштарын отқа жарып, жандырып тастайды

Іле Алатауы паркінде түнде де қонуға болатыны жағдайды қиындатып отыр. Адамдарды түнде бақылау мүмкін емес, түнгі уақытқа еңбекақы төленбейді. Сондықтан ешкім демалушыларды қадағалай алмайды. Алайда дәл осы түнгі уақытта түрлі тәртіпсіздіктер орын алып жатады. Адамдар дәретханалардың ағаштарын отқа жарып, жандырып тастайды. Түнде парк аумағына кіруге шектеу қойса деген ұсыныс айтқан болатынбыз.

Ұлттық табиғи парк аумағында демалудың ережелері бар. Алайда демалушылар билбордтағы ақпаратты оқуға ерінеді. Белгілерді сындырып, жоқ қылады, одан қала берді жандырады. Іле Алатауына кірер кезде мынадай негізді тыйымдарды естен шығармау керек:

  • От жағуға болмайды. От жағуға арнайы орындар қарастырылған.
  • Көлікпен жүруге болмайтын орындарға кірмеу: топырақтың беткі қабаты бұзылады. 
  • Мал жаюға болмайды. Оған арнайы орындар бар. Малды қараусыз жаюға болмайды.
  • Қоқыс қалдықтарын тастауға болмайды.
  • Итпен тек ауыздығы бар болса ғана кіруге рұқсат.

Орман өртіне көбіне адами фактор әсер етеді

Орман өртіне көбіне адами фактор әсер етеді. Мәселен, Іле Алатауында демалушылар  арнайы бөлінген жерде от жақпай, таудың басына шығып жағып жатады. Үкімет тарапынан орман өртіне әкелетін әрекеттер үшін 367-бап бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш айыппұл көзделіп отыр. Тастанды әйнек бөтелкелер күн көзінде тұрып, жанады. Бәріне айналып келгенде өзіміз кінәліміз. 

Табиғат адамға бәрін беріп жатыр, адам да табиғатқа мейірімін, сезімін, аялы алақанын бере білсе өмір керемет болар еді. Табиғат жылайды, оны адам түсіне бермейді. Оған мейірім, қамқорлық қана керек. 




Көрілген: 406    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 16.06.2021, 16:56

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31