Павлодар облысында балаларына дұрыс қарамайтын екі отбасы анықталды

05 тамыз 2022, 17:34

Павлодар облысының Тереңкөл ауданында балаларына дұрыс қарамайтын отбасылар анықталды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

 
Тереңкөл ауданында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Раушан Ыбыраеваның төрағалығымен өткізілді.

Ауданда «Мектепке жол» акциясын өткізу барысында киім мен оқу құралдарына мұқтаж отбасылар анықталған. Мектептер әкімдіктермен бірге барлық әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға рейд жүргізді.

Рейд барысында тұрмысы қолайсыз 2 отбасы анықталды. Песчан ауылында кәмелетке толмаған 3 баласы бар отбасында анасы ішімдікке мас күйде болды. Ал Бобровка ауылында 8 баласы бар отбасының үйі лас болған.

«3 балалы отбасыда күзде әкелері қайтыс болған. Анасы асыраушысынан айырылғанына байланысты жәрдемақы алады. Тұрақты жұмысы жоқ, бірақ егін алқаптарында ақша табады. Бір күні ол үйге мас болып келгені анықталды. Комиссия шешімімен отбасы «тұрмысы қолайсыз отбасы» деп бақылауға алынды. Егер бұл жағдай қайталанатын болса, анасы тұрақты жұмысқа орналаспаса, ата-ана құқығын шектеуге жүгінетін боламыз. Оған осы уақытқа дейін тұрақты жұмыс ұсынылып келеді. Балалардың біреуі – студент, екеуі – мектеп оқушысы», - деді аудан әкімінің орынбасары Раушан Ыбыраева.
Ал 8 баласы бар отбасыда әкелері жұмыссыз және үйлері лас, яғни санитарлық талаптарға сай келмейді. Үлкен қызы күйеуге шыққан және одан немерелері бар. Ал ең кішкентайы – 4 айлық.

«Бұл отбасыға 1 апта уақыт берілді. Осы уақыт ішінде әкесі жұмысқа орналасып, үй ішін қалыпқа келтіруі тиіс», - деді Раушан Ыбыраева.
Қос отбасыға ескерту беріліп, олар бақылауға алынды.