Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов тағы да істі болды

03 наурыз 2022, 00:37

Жол апатына қатысты полиция қылмыстық іс қозғады

Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов тағы да істі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

 
Бұл жолы экс-әкім жол апаты бойынша тергелмек. Бұрынғы шенеунік тізгіндеген көлік «ГАЗель» автокөлігіне соғылған болатын. Жүк көлігінің жүргізушісі дене жарақат алған.

Оқыс оқиға ақпан айының 14 күні Павлодар-Нұр-Сұлтан тасжолының бойында болды. Полицияның дерегінше жол апатына 3 бірдей көлік түскен. «Lexus LX 470» көлігін тізгіндеген  жүргізуші, Болат Бақауов мінген  «Lexus LX 570» көлігін соққан. Соның салдарынан экс-әкімнің темір тұлпары алдында келе жатқан «ГАЗель» автокөлігіне соғылыпты. Жол апатына қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

«Жол апаты бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Сараптама жасалды», - дейді Павлодар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Біләлова.
Естеріңізге салайық, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов 2020 жылдың мамырында қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін 3 жыл 6 айға шартты түрде сотталған болатын. Бірақ былтырдан бері экс әкім мерзімінен бұрын босатуын сұрап сотқа  арызданған. Шағымды Павлодар қаласының №2 соты қанағаттандырмай қойған еді. Мұнымен де келіспеген Болат Бақауов  аппелациялық сотқа арызданды.

«Павлодар облыстық сотының сот алқасы, қылмыстық іс бойынша бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырып, сотталған Болат Бақауовтың жеке шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Қаулы заңды күшіне енді», - деді Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Агидель Ибраева.