Павлодарда үшем дүниеге келді. 12 жыл сәби күткен отбасында екі ұл, бір қыз өмірге келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Бірден екі ұл, бір қыз дүниеге келді. Балалар өздерін жақсы сезінеді, ал бақытты ана құттықтауларды қабылдап жатыр. Ерлі-зайыптылар "Аңсаған Сәби" бағдарламасының аясында бірден үш баланың ата-анасы болды.
Облыстық перинаталдық орталық қызметкерлері науқасты сәтті босануымен құттықтады.
“Жағдайым тұрақталды, оңалып келемін. Бақыттың шегі жоқ. Бұл бақытты жолдасым екеуміз 12 жыл күттік. Ал 2021 жылы ЭКО бағдарламасы арқылы біз жетістікке жеттік. Міне біздің балалар. Екі ұл, бір қызымыз бар. Біз олардың атын Самир, Эмир және Фатима деп қойдық. Мен өте қуаныштымын. Біздің перинаталдық орталыққа маған осындай ерекше күтім жасағаны үшін алғыс айтамын”, – деді Павлодар қаласының тұрғыны Әсел Тезекбаева.
Жаңа 2022 жылы 200 әйел перинаталдық орталықта ана атанды. Алғашқы үшемдер 34-ші аптада дүниеге келген, салмағы 2,5 келі. Дәрігерлер ана мен баланың денсаулығын тәулік бойы қадағалайды.
“Отбасы 12 жылдан бері бала күтті. "Аңсаған Сәби" бағдарламасы бойынша ЭКО бағдарламасымен жоспарладық, нәтижесі жақсы болып шықты. Екі ұл және бір қыз дүниеге келді. Отбасы бақытты. Барлығы жақсы өтті, кесарь тілігі ешқандай асқынусыз өтті. Балалар анасымен бірге”, – деді облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Айман Оспанова.
Павлодар облысында демографиялық өсім байқалады. Бір жыл ішінде облыста 6 мыңнан астам бала дүниеге келді, бұл өткен жылдармен салыстырғанда 500 сәбиге көп.