Жасөспірімнен зәбір көріп отырған ата-ананың бірі әлеуметтік желідегі парақашалардың бірінде хат жазған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі , Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
- Бұған дейін де бірнеше рет ренжіткен. Бұл жолы алты жасар баламды үйдің артынан қуып тығып, шекесінен таспен ұрған. Ал маған айтатын болса, мойнын үземін деген. Оның ата-анасына сөйлесуге барған едім. Бірақ «шағым жаза бер, бәрібір ештеңе жасай алмайды» деген жауап алдым. Жедел жәрдем мен полиция шақырдық. Дәрігерлер «жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, бас аймағының көгеруі» диагнозын қойды, - дейді хаттың авторы.
Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспектор келіп кеткен, бұзақылық танытқан баланың үйінде болған, бірақ зардап шегуші тарапынан куәгерлерден жауап алмаған. Сот-медициналық сараптамасына бара жатқан кезде істі жауып тастаған.
Облыстық полиция департаментінде аталған факті Павлодар қаласының солтүстік полиция бөлімінде тіркелгенін және тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
- Жанжалға қатысушылар анықталды. Кәмелетке толмаған бала қылмыстық жауапкершілік туындайтын жасқа жетпегенін ескере отырып, сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. Сонымен бірге, мінез-құлқы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады, баламен және оның ата-анасымен осындай фактілерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме өткізіледі. Сондай-ақ, зардап шеккен баланың анасы материалдық залалды өтеу үшін азаматтық тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы, - дейді департаментте.
Дегенмен басқа да зардап шеккен балалардың ата-аналары жазасыз қалған жасөспірім бұдан кейін де бұзақы әрекеттерін қайталай ма деп қорқады.