Павлодарда қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты

19 желтоқсан 2022, 22:51

Павлодарда қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты. Олар электронды төлем жүйесіне қарсы. Өйткені, тапқан табысының бір бөлігінен комиссия ұстап қалады екен. Онсызда күнімізді әрең көріп жүрміз - деген жүргізушілер жұмысқа шықпай қойды. Соның кесірінен мыңдаған қала тұрғыны діттеген жеріне жете алмай, сақылдаған аязда аялдамаларда сағаттап автобус күтуге мәжбүр. Бұл туралы Azattyq Ruhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.

 
Бұл қаладағы шағын автобус жүргізушілерінің жанайқайы. Олар бүгін жұмысқа шығудан бас тартты. Өйткені 1-желтоқсаннан бастап енгізілген электронды төлем жүйесіне қарсы.

«80 теңгеден 6 процент алып қояды. Оны обналичить етеміз. Переводтан банктен тағы алады. Ертең одан тағы салық төлейміз. Машина сынады. Семьялары бар түгелінің. Көбінің кредиті бар не говоря 70 процент», - деді  қоғамдық көлік жүргізушісі Файзулла Қуанов.
«Қалада машина қалған жоқ. Шоферлер жұмысты тастап, кетіп жатыр. Өйткені, ақша жоқтықтан, бізде машинаны қамтамасыз ететін ақша жоқ. Тіпті солярка құюға ақша жоқ шоферлерде. Солярканы қазір каспий редпен құйып жатыр», - дейді қоғамдық көлік жүргізушісі Дәурен Мұқатаев.
Электронды төлем жүйесіне қосылғалы қоғамдық көлік жүргізушілері жапппай жұмыстан кеткен. Сөздерінше, жаңа төлем жүйесі жүргізушілердің қалтасын қаққан. Табыстан шығын көбейді, деп отыр.

«Валидаторлар шыққалы жүруге тиімсіз. Проезді сұрадық 100 теңге қылсын - деп. Ешкім көтермеді. И процент көп ұстайды. 6 процент анда төлейміз. Паркке төлейміз. Графикке төлейміз ежемесячно. Сол үшін кетіп қалдық маршрутттан», - деді  қоғамдық көлік жүргізушісі Арман Ілиясов.
«Ал жүргізушілер жұмысқа шықпаймыз» деп ереуілдетіп жатқанда, қараша халық аялдамаларда сағаттап автобус күтті. Жұмысы мен оқуынан кешіккендер таксимен баруға мәжбүр болды.

«Жарты сағат болды, міне. Тізіліп былай өтіп жатыр бәрі. Адамдардың кінәсі қанша? Үлкен кісілер, балалар. Бүгін қайта күн кішкене жылы. Аяз болса», - деді Павлодар қалсының тұрғыны Күлбәйрам Үмітова.
Жиналғандар арасына келген қала әкімдігінің өкілдері мәселені шешеміз деп жүргізушілерді сабырға шақырды.

«Біз қазір таксопарктің басшыларымен сөйлесетін боламыз. Жүргізушілермен келіссөз жүргізіп, шағын автобустарды қайтадан жұмысқа шығарамыз. Бұл мәселені жүргізушілермен дөңгелек үстел басында жиналып, шешеміз», - деп түсіндірді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайырболат Найманов.
Қала әкімдігі 26-желтоқсанда барлық жүргізушілерді шақырып, мәселесін тыңдамақ. Ал ол кезде де түйткіл шешілмейтін болса, жүргізушілер мүлдем жұмыс істемейміз деп тарасты.