Петропавлда әкімдік саяси репрессия құрбанына берген пәтерін кері қайтып алмақ

12 маусым 2022, 11:13

Петропавлда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Мұқаш Қабдиров бес жылдан бері әділдік іздеп жүр. Мемлекеттен берілуі тиіс үш бөлмелі баспананың орнына қала әкімдігі бір бөлмелі үй берген. Қазір оның өзін кері қайтарып алмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 
Қария амалсыз сотқа жүгінді. Мұқаш Қабдиров зарлы заманның зардабын тартқан азамат. Саяси құғын-сүргін жылдары анасын Кавказдан Қазақстанға жер аударған. Көп жылдар бойы олар арнайы комендатурада есепте тұрып, солақай саясаттың қасіретін көрген. Бірақ уақыт өте келе ақталған. Елімізде қабылданған заңға сәйкес, мұндай жандар тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж болса, кезектен тыс баспана алуға құқылы. Сондықтан 2017 жылы отбасымен әкімдікке кезекке тұрған. 

«Үш жыл қозғалыс жоқ. Барып сұрасам «қараймыз, қараймыз» дейді. Енді 2020 жылы қайтадан арыз жаздым. Неге маған пәтер бермейсіңдер деп. Айта берсең оның әңгімесі көп. Олар жоғалып кетті, үйтті-бүйтті деп, тағы соза бастады. Сосын ақырында 2020 жылы 21 қазанда маған тұрғын үй комисссияның шешімімен 1 бөлмелі үй береді», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Мұқаш Қабдиров.
 Қабдировтар отбасына үш бөлмелі пәтер берілуі тиіс еді. Оның үстіне қалалық әкімдіктегілер баспананы тек жалға берген. Әлі күнге үйдің еш құжаты жоқ. Сондықтан әділдік іздеген Мұқаш ақсақал сотқа жүгінген.

 «9 ай менің арызыма не телефоныма жауап бермеді. Сосын амал жоқ, сотқа бердім. Бірінші сот отырысында шағымымды қолдамай, ана жаққа шығып кетті сот. Сосын облыстық сотқа шағым жаздық. Облыстың сотында менің қуанышыма орай, шынында да мынау бірінші соттың судьясының шемімі дұрыс емес. Жағдайы анық жазылмаған деп оның шемімін жойды да, бізге, әкімшілікке уақыт берді», - дейді Мұқаш Қабдиров.
 72 жастағы қарияның мәселесі әлі шешілер емес. Енді әкімдіктегілер ақсақалға берген үйді қайтарып алмақ.

 «Иә, заң бар. Ол 1993 жылы қабылданды. Яғни мемлекет мұндай азамттарды барынша қолдайды. Бірақ жергілікті жерлерде бұл тапсырма орындалмай отыр. Қажетті құжаттардың барлығы бар. Сондықтан  қазір біз Жоғарғы сотқа арыз дайындап жатырмыз», - дейді адвокат Елена Игнатенко.  
 Ал аталған мәселе бойынша қалалық әкімдік өкілдері сұхбат беруден бас тартты. Айтуларынша, мәселенің ақ-қарасын сот шешуі тиіс.