Pfizer компаниясы Қазақстанға ақылы негізде вакцина сатпайтын болды – Тоғжанов

18 қаңтар 2022, 20:08

Қазақстандықтар тарапынан Pfizer вакцинасын ақылы негізде алуға күрт сұраныс артқан болатын. Бірақ фармацевтикалық компания бұл мақсатта вакцина сатуға қарсы екендігін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен жиында Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.

«Бұл Pfizer компаниясының өз шешімі. Біз бұған дейін сатып алған Pfizer вакцинасы белгілі топтарға салынады», − дейді Тоғжанов.
Негізі Қазақстанға Pfizer вакцинасының 4 млн дозасы келу керек болған. Соның 3 млн 400 мыңы жеткізілді. Жақын арада қалған 600 дозасы келеді. Оның ішінде 252 мың доза 1-компонентке, 240 мыңы 2-компонентке арналған. Бұған қоса, Pfizer аяғы ауыр әйелдер мен 16 жастан асқан балаларға ревакцинация ретінде беріледі. Бұл мақсатқа 6 мың доза қолданылмақ. Оның жарамдылық мерзімі осы жылдың қыркүйек айына дейін бекітілген.