Рэпер Shiza туды қорлағаны үшін шымкенттіктерден кешірім сұрады

20 маусым 2022, 14:31

Shiza лақап атымен танымал әнші Асхат Жолшиев Шымкент тұрғындары мен қонақтарынан кешірім сұрады. Орындаушы Алматыда өткен "Ирина Кайратовна" тобының ән кешінде мемлекеттік туды қолына орап, қорлаған еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
Рэпер Шымкентте қала күніне орай Әл-Фараби алаңында өнер көрсетті, деп хабарлады OTYRAR.

Ол көпшіліктің алдында Алматыдағы әрекеті үшін кешірім сұрады. 
"Кімнің басынан өтпейді? Сіздерге қолдауларыңыз үшін алғыс білдіремін, Шымкент. Барлығы қателеседі, барлығымыз адамбыз. Кешіріңіздер",  – деді әнші. 

Бұдан кейін экраннан тудың суреті көрсетіліп, мыңдаған шымкенттік "Желбіретіп көк туды" әнін Асхат Жолшиевпен бірге орындады. Рэпер өз альбомынан екі трек айтты. 

Елдің қошеметіне қарағанда, шымкенттіктер әртісті кешірген.