Ресей әскерилері отырған соңғы 4 ұшақ Қазақстаннан ұшып кетті

19 қаңтар 2022, 14:52

Ресейдің ҰҚШҰ бітімгершілік әскерилерінің соңғы бөлімшелері Қазақстаннан кетті. Әскерилер мінген 4 ұшақ Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан ұшып шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости сайтына сілтеме жасап.

"Бітімгершілік күштері отырған Ресей әскери-көлік авиациясының төрт ұшағы Нұр-Сұлтан мен Алматы әуежайларынан ұшып шықты", - деп мәлімдеді Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі.

Генерал-полковник Андрей Сердюков ұшар алдында бітімгерлер Қазақстандағы миссиясын сәтті аяқтағанын айтты. Оларға қарсы бірде-бір арандатуға жол берілмеді, деп қосты ол.

"Мен Қазақстан халқына бейбітшілік пен дамуды тілеймін", - деді ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің қолбасшысы.


"Олар өте ашулы болды": Ауруханада ем алып жатқан әскерилер тәртіпсіздіктер жайлы сұхбат берді

"Қолдарында қару болды, он шақты адам жабылды": Тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен әскерилер оқиғаларын айтты

Әскерилердің маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзетумен айналысқанын, бекітілген аумақтарда құқықтық тәртіпті сақтауға көмектескенін айта кетейік.

13 қаңтарда Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін шығарып салу рәсімі өткен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер Ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілерін шығарып салу басталғаны жазылған.

15 қаңтарда Армения, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген ҰҚШҰ бітімгерлері Қазақстаннан шықты. 16 қаңтарда Ресейдің алғашқы бітімгершілік күштері елдеріне оралғаны хабарланған.