Ресей өзіне достық қарым-қатынас танытпайтын елдер тізімін бекітті

07 наурыз 2022, 17:56

Ресей үкіметі өзіне достық қарым-қатынас танытпайтын шет мемлекеттер мен аумақтардың тізімін бекітті. Бұл туралы министрлер кабинетінің хабарламасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новостиге сілтеме беріп.

Тізіміне кіргендер ішінде: Австралия, Ұлыбритания, ЕО елдері, Исландия, Канада, Лихтенштейн, Монако, Жаңа Зеландия, Норвегия, Корея, Сан-Марино, Сингапур, АҚШ, Тайвань, Украина, Черногория, Швейцария, Жапония бар. 

Бұл үкім президенттің 2022 жылғы 5 наурыздағы "кейбір шетелдік кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудың уақытша тәртібі туралы" Жарлығы шеңберінде дайындалды.

Құжатқа сәйкес, мемлекет, Ресей азаматтары достық қарым-қатынасы үзілген елдердің тізіміндегі шетелдік несие берушілер алдында валюталық міндеттемелері болса, олармен рубльмен есеп айырысады.

Сонымен қатар, ресейлік фирмалардың тізімге енгізілген мемлекеттердің азаматтарымен және компанияларымен жасаған барлық мәмілелерін шетелдік инвестициялардың жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі құқықтық комиссия мақұлдайды.