Ресейге салынған санкциялар Қазақстанды Голливуд фильмдерінсіз қалдырмай ма?

04 наурыз 2022, 19:45

Дистрибьюторлар мен сарапшылардың пікірін сұрап білдік

РФ әскері Украинаға басып кіріп, соғыс ашуынан кейін Батыс елдері түгелдей дерлік Ресейге санкция жариялап жатыр. Экономикалық санкциялардан бөлек мәдениет, спорт салаларында да шектеулер бар. Мәселен, голливудтық Walt Disney және Warner Bros, Sony Pictures сынды ірі компаниялар фильмдерін орыс тіліне дубляждамайтын болды. Яғни, ресейлік кинотеатрларда енді голливудтық кинолар көрсетілмейді. Ал, Қазақстанның кинотеатрларында негізінен осы аталған кинокомпаниялардың өнімі көрсетілетінін ескерсек, санкциялардың салқыны бізге де тиетін сияқты.

 
Ендеше, қазақстандық киносүйер қауым тек отандық өнімге ғана телміре ме, әлде билік тығырықтан шығатын жол таба ма? Azattyq Ruhy тілшісі кино мамандарымен тілдесіп, осы сауалдардың жауабын іздеп көрді.

ОРЫС ТІЛІМЕН ПРОБЛЕМА БОЛМАЙДЫ – ДИСТРЮБЬЮТОРЛАР

«Меломан» компаниясы жақын арада премьерасы күтілген Голливудтың барлық картиналары кесте бойынша орыс дубляжымен және қазақ субтитрлерімен шығатынын мәлім етті. Дистрибьютор өкілінің сөзінше, жақын арада жоспарланған картиналарда орыс тіліндегі дубляжбен проблемалар жоқ.

«Әзірше ешқандай өзгеріс жоқ, бәрі кесте бойынша тұр. Disney, Sony Pictures және Warner Bros-тың барлық картиналары экранға уақытында шығады. Компаниялар бізге олардың көшірмелерін жіберуге уәде берді. Біз қазір Sony, Pictures және Disney-дің ресейлік бөлімшелерімен жұмыс істейміз. Олардың тарапынан бізге өзгеріс туралы жаңа ақпарат келмеді», - деп атап өтті «Меломан» компаниясының пиар-менеджері Камилла Исмаилова.

Сондай-ақ, Sulpak Cinema-ның маркетинг және PR бөлімінің менеджері Ирина Валентинова екі күн бұрын шетелдік киностудиялармен келіссөз жүргізгендерін атап өтті.

«Біздің прокаттың Ресейге ешқандай қатысы жоқ. Фильмдердің барлығы жоспарланған кесте бойынша көрсетіліп жатыр. «Бэтмен» фильмінің премьерасы жоспарланғандай 2 наурызда басталды. Екі күн бұрын студиялармен келіссөздер жүргізілді және Ресейдегі жағдай қазақстандық прокатқа әсер етпейді», - деді Sulpak Cinema өкілі.

«ОРЫС ТІЛІНДЕГІ ДУБЛЯЖБЕН ТЕК РЕСЕЙ АЙНАЛЫСПАЙДЫ»

Соңғы 10 жыл ішінде 38 шетелдік туындыны дубляждаған «Болашақ» корпоративтік қоры мамандарының да пікірін сұрап көрдік. Сарапшылар Ресей санкциясы үшін ТМД кеңістігінде әлемдік фильмдердің орысша дубляжы тоқтайды деуге ертерек деп отыр.

«Дәл қазір ТМД кеңістігінде әлемдік фильмдердің дубляжы тоқтайды деп кесіп айта алмаймыз. Бүгінгі таңда кино нарықта жоспарланған шетелдік фильмдердің барлығы дерлік үлкен экрандардан көрсетіліп жатыр, ешқайсысының прокаты тоқтамады. Ары қарай жаңа фильмдердің келіп-келмеуіне қатысты кемі екі аптадан кейін біле жатармыз. Қазір Ресейдің стратегиясы қандай болатыны белгісіз. Оның үстіне, дубляжды орыс тілінде тек Ресей ғана емес, басқа елдер де жасай алады. Орыстілді аудиторияның 80% Ресейдің өзінде, ал ТМД кеңістігіндегі 20% үшін олардың дубляж жасаулары екіталай», - деді қор қызметкері Айымгүл Орынбаева.

Сондай-ақ, қор маманы әлемдік туындыларды қазақ тіліне дубляждау мәселесі күн тәртібінде тұрғанына бір жылдан асты деді.

«Былтырғы жылдан бері кино бойынша заңға өзгеріс енгізуге қатысты Мәжілістегі жұмыс тобының құрамында сарапшы ретінде бармыз. Әлемдік туындыларды қазақ тіліне дубляждау мәселесі Ресейге санкция салынбай тұрып көтерілген және мемлекеттік деңгейде қарастырылып, қазақша дубляж саласын дамытуға қатысты жүйелі жұмыстар жүріп жатыр», - деді ол.

«Болашақ» корпоративтік қорындағы бұған дейін жасалған дубляждардың барлығы дерлік меценаттардың қолдауының арқасында жүзеге асып келген.

«Бұған дейінгі фильмдердің барлығы демеушілердің қолдауымен жүзеге асып келді. Екі жыл пандемия салдарынан біраз кәсіпкердің кәсібі тоқтап қалғандықтан, қазір демеушілерге жүгіне алмаймыз. Биылдан бастап мемлекет тарапынан қаржылай, жарнамалық жағынан қолдау болып жатса, әлемдік прокаттағы кемі 15 фильмді дубляждауды жоспарлап отырмыз. Дубляждауға таңдалған туыныдыларда басымдық балаларға арналған анимациялық фильмдер мен отбасылық фильмдерге жасалады. Бізде тек Disney емес, Pixar, Sony бар. Неге басымдықты балалар фильміне береміз десеңіз, қазақтілді сегментте балаларға арналған сапалы контент саны өте аз. Одан бөлек, аға буын шетелдік фильмдерді орыс тілінде қабылдап үйреніп қалған, ал жас буын шетелдік фильмдердің қазақ тіліндегі нұсқасын тез сіңіріп, жатсынбай қабылдап ала алады», - деді сарапшы.

ДУБЛЯЖ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ЖЕМҚОРЛЫҚ КЕДЕРГІ БОЛЫП ОТЫР...

Еліміздегі дубляжбен айналысатын танымал актерлердің бірі Қайрат Әділгерей дубляж саласындағы ең басты проблема – батыстың Ресейге салған санкциясы емес, кино нарығындағы басшылардың жемқорлығы деді.

«Шетелдік фильмдерді қазақша дубляждау мәселесі осындай санкция, соғыс жағдайында көпшіліктің назарына ілігіп жатқаны өкінішті. Кинематография туралы заңнамада: «Прокатталуы шектеулі фильмдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда прокатталуы және көрсетілуі қазақ тілінде жүзеге асырылмайтын фильмдер қазақ тілінде дубляж жасалуға не субтитрленуге, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс» деген талап бар. Осыған орай, соңғы кездері орысша кинолардың астында қазақша субтитрлер шығып жүргенін байқаған шығарсыздар. Бірақ кейбір ол субтитрлерде қате өріп жүр. Себебі тапсырыс алушы сапаға мән бермейді, қазақ тілді аудиторияға сыйластықпен қарамайды.

Бұл салаға қаражат бөлініп жатыр, тек игерілу механизмдері дұрыс емес. Көршілес Өзбекстанның өзінде аталған заң бұрыннан жүзеге асып келеді. Ресей нарығына қарап қалған түгіміз жоқ. Біздің елде фильмдерді кәсіби түрде дубляждайтын мамандар жетерлік, олар барлық талапқа сай келеді. Мәтіндерді сауатты аударатын редакторлар да бар. Проблеманың бәрі команда болып жұмыс істеу, оның ар жағында сыбайлас жемқорлықта болып тұр. Себебі жобалардың көпшілігін аталған секторға жауапты басшылар аутсорсинг арқылы өзінің ақша жасайтын студияларына береді. Ол студиялар ақша үнемдеу мақсатында кәсіби емес редакторлар, дубляж мамандарының арзан қызметіне жүгінеді. Салдарынан жоба шала-шарпы жасалған, көрерменнің көңілінен шықпайды. Кинотетарлардың қазақша субтитрінің астында қатесі өріп жүрген мәтіндердің көпшілігі осындай тамыр-таныстың жұмысы », - деп ағынан жарылды ол.

Аталған салада бірнеше жобаны жүзеге асырмақ болған актер бірде қаржы тапшылығынан, енді бірде саладағы ауызбіршіліктің жоқтығынан идеяларын жүзеге асыра алмағанын айтады.

«Отандық дубляж қауымдастығын құру жоспарымда болған, бірақ руға, командаға бөлінетін қазақтардың басын біріктіре алмадым. Мемлекет дубляж саласында жас мамандарды дайындайтын мектеп ашуы тиіс. Себебі нарық заманында кәсіби мамандардың оларды дайындауға уақыты тапшы. Мектеп ашу идеясы да болған, бірақ оған миллиондаған қаражат қажет. Ол мектеп бірнеше студиямен жабдықталып, жастар білім алғаннан кейін кәсіби студияларда тәжірибеден өтуі керек. Одан кейін әлемдік туындыларды аударып жүрген компаниялардың сметадағы бағасы басқа, бізге төлейтін гонорар мүлдем бөлек. Оларға «мұның қалай?» деп шамдансаң, келесі жолы жаңа жобаға жолың жабық дей бер. Осылайша олардың қойған бағасына үнсіз келісуге тура келеді.

Барлық сала сияқты кино саласы да жемқорлыққа батып жатыр. Қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жатырмыз, сол жаңа елімізді жемқорлықсыз құрсақ қана барлық сала дамиды деп ойлаймын. Елімізде талантты, білімді, креативті жастар жетеді. Соларды аутсорс, тендер, команда деген ескі жүйенің сүрлеуімен дұрыс пайдалана алмай жатқан жайымыз баршаға аян. Кинотеатрларда орыс тіліндегі фильмдер саны азайса, халық шетелдік туындылардың қазақша дубляждалған, орысша субтитрі бар нұсқаларына барады. Керісінше, ана тілін меңгере алмай жүргендер үшін бұл үлкен мүмкіндік болар еді. Қазір кинотеатрлардағы фильмдердің бәрі дистрибьютордың қолында, ал олар нарықтың сұранысына қарай өнім ұсынады. Біздің халықтың көп бөлігі қазақ фильмдеріне бара бермейді. Кейбір фильмдер көрерменсіз жүріп жататын кездер де бар, әрине, сосын кинотеатрлар орыс тіліндегі фильмдерді көбірек көрсетеді. Нарық бәрін шешіп тұр. Соғыстың мұндай салдарға әкеліп жатқаны өкінішті-ақ, бірақ көршілес ел санкцияға іліккен екен, осы жағдайдың тұсында қазақтілді дубляжды көбейтіп, өз аудиториямыздың, қазақ тілінің аясын кеңейтейік», - деді актер.