Ресейлік ерлі-зайыпты қос азаматтық алғаны үшін елден шығарылды

06 қазан 2022, 16:11

Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімі көші-қон қызметінің қызметкерлері Ресей Федерациясының егде жастағы азаматтарын Қазақстанның азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеген.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, 69 және 71 жастағы ерлі-зайыптыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабының екінші бөлігі (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау) бойынша әкімшілік іс қозғалды.

 

Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен құқық бұзушыларға 5 жыл мерзімге Қазақстан Республикасының аумағына кіруге тыйым салынды, олар Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылады.

 

Жыл басынан бері көлік полициясының қызметкерлері Қазақстанның көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 986 азаматты, оның ішінде қос азаматтығы бар 38 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ 155 шетелдік сот шешімімен елімізден шығарылды.