Ресейлік студенттердің шетелдік ЖОО-лардан шығарылғаны рас па?

04 наурыз 2022, 17:44

Оқу орындарының басшылықтары қудалау әрекеттеріне жол бермеуде

Шетелде білім алып жатқан ресейлік оқушылар мен студенттер арасында әзірге ешқандай қиындықтар жоқ. Оқыту жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Forbes Education басылымына сілтеме жасап.

 
Алайда, кейбір білім алушылар қатарластарынан қысым көріп жатқандарын айтуда. Өз кезегінде оқу орындарының басшылықтары қудалау әрекеттеріне жол бермеуде. Керісінше көптеген ата-аналар мен студенттер мектеп пен университет басшылары тарапынан қолдау хаттарын алып жатыр. Көптеген ұлттық білім беру жүйелері жанжалды болдырмау үшін қызметкерлерге арнайы ұсыныстар беріп, тұрақтылықты сақтау шараларын іске асыруда.

Негізгі қиындық – оқу ақысын және ағымдағы шығындарды төлеумен байланысты болып отыр. Кейбір банктердің шоттары мен карталарының бұғатталуына байланысты қиындықтар туындаған. Мәселен шетелде жүрген көптеген студенттің ВТБ банкі карталары бұғатталған. Рубльдің күрт төмендеуі, сәйкесінше, Ресейден келген студенттер үшін оқу мен тұру құнының өсуіне әкеп соқты. GoStudy агенттігі хабарлағандай, Ресей мен Украинадағы ата-аналар Чехиядағы балаларына ақша аудара алмай әлек болуда. Жатақханаларды төлеу, тамақ пен қажетті тауарларды сатып алу туралы проблема туындайды.

Кейбір елдерде университеттер Ресей мен Украинадан келген студенттерге бюджеттен тыс қорлардан оқуға қаражат бөлу немесе стипендия беру арқылы қаржылық қолдау көрсетіп жатыр.

«Қорытынды жасауға әлі ерте. Студенттер демалыс уақытында Ресейге қалай оралуды ойлап жүр, олар Әмірліктер мен Түркия арқылы қайту жолдарын қарастырып жатыр. Мектептер тарапынан шектеулер жоқ. Кейбіреулері осы оқу жылынан кейін Ресейге оралу туралы ойлап жүр, өйткені біздің ірі банктерімізге жасалған санкциялар қаржылық проблемалардың туындауына әкеп соқты», - дейді «Глобал Диалог» агенттігінің бас директоры Вячеслав Лычагин.
SSA Education бас директоры Софья Сазыкинаның айтуынша, шетелдік жоғары оқу орындары ресейлік студенттердің құжаттарын қабылдауын жалғастыруда.

«Ұлыбританияға виза алу өтінішін жолдауда қиындықтар жоқ. Менің студенттерім Канадаға ақпан айының басында өтініш жіберді, әзірге шешім жоқ, күтудеміз. 26 ақпанда Syracuse University-ден (АҚШ) ЖОО-ға шақыру келді, IU University (Германия), EU Business School (Германия), University of Connecticut (АҚШ), Roehampton University-ге  (Ұлыбритания) офферлер шықты», - дейді Софья Сазыкина.
Study Free платформасының негізін қалаушы Дарья Крошкина әлемнің 486 университетіндегі 1000-ға жуық студент пен 1000-нан астам коммьюнити тәлімгерлері (стипендия жеңімпаздары мен түлектері) арасында бірде-бір оқудан шығу туралы жағдайдың болмағанын айтты. Стипендиялық бағдарламалардың жағдайы туралы сұрағанда ол стипендиялар сақталатынын және ресейлік студенттер өзгелермен тең дәрежеде қарастырылатынын мәлімдеді. Дарья Крошкинаның айтуынша, бұл туралы DAAD Стипендиялық қоры ресми түрде хабарлаған екен.

Белгілісі қазір ресейліктер Чехия университеттерінде оқуын жалғастырып жатыр. GoStudy тіл мектебі «Чехияның ресейлік студенттерді университеттерден шығаратыны туралы» ақпараттың ресми түрде расталмағанын айтады.