Ресейліктердің көптеп келуі Қазақстанның еңбек нарығына зиянын тигізе ме? Еңбек министрі жауап берді

26 мамыр 2022, 15:11

Ресейліктердің Қазақстанға келуі еңбек нарығына еш жүктеме түсірмейді. Бұл туралы Тамара Дүйсенова айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Қазір Қазақстанға көптеген ресейліктер көшіп жатыр. Одан біздегі еңбек нарығына жүктеме түспей ме? Мұндай қауіп бар ма?", - деген сұрақ қойды тілшілер министрге Сенат кулуарында.

Өз кезегінде Тамара Дүйсенова еш қауіп жоқ екенін айтты.

"Өздеріңіз білесіздер, бізде ЕАЭО жұмыс істеп жатыр, ешқандай рұқсат қажет емес. Ұзақ уақыттан бері біздің жұмыс күшіміз Ресейге барып, ол жақтан жұмысшылар осында келіп жүр. Сондықтан, қазір статистика бойынша келген адам саны айтарлықтай көп емес. Қазіргі уақытта біздегі еңбек нарығына жүктеме шеттен келгендерден емес, өзіміздің еңбекке қабілетті жастарымыздан түсіп отыр", - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.


Сонымен бірге, министр жұмыспен қамту бағдарламалары бойынша отандық жастар басымдық берілетінін айтты.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, биыл 10 мыңға жуық ресейлік Қазақстаннан жеке сәйкестендіру нөмірін алған.