Ресми статистикадан айырмашылық жоқ – тәуелсіз бақылаушылар

23 қараша 2022, 22:31

Сайлаудың әділ өтуін қадағалаған ұйымның бірі  «HAQ» қоры. Қордың адамдары осы жолы еліміздегі 12 қалада сайлауда дауыс берудің барысын бақылаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 
Қазақстандағы 400-дей сайлау бөлімшесінде қордың 632 тәуелсіз бақылаушысы жұмыс істеді. Сайлау аяқталған соң ұйым атынан байқаушы болған азаматтар 468 хаттама жинап алған. Ұйым өкілдерінің сөзінше, көптеген жерлерде дауыс берудің дұрыс өтуін ескертуге тура келген.

«Бақылаушылар комиссия мүшелері мен дауыс беруге келген азаматтардан көз алмай қарап отырды. Әрине, сайлау болған соң неше түрлі жағдай болады. Мысалы, аумақтық комиссиялардың кейбір мүшесінде дауыс беруге қанша адам келуі тиіс екені туралы нақты ақпарат болған жоқ. Кейбір жерде тіпті бақылаушыларға қатаңдау талап қойғандар да болды. Тағы бірде комиссия мүшелері видеоға түсіруге, бөлімшенің ішінде жүруге рұқсат бермеген. Бірақ біз талап еткеннен кейін райынан қайтып, жұмыс қайта жалғасты. Дауыс беруге келгендердің ішінде де тәртіп бұзғандар болды. Кейбіреуі кабинаға екеулеп кірген. Ондай кезде тоқтатып, олардан тәртіпті сақтауын талап еттік», - деді бақылаушылар.
«HAQ» ҚҚҚ атқарушы директоры Тоғжан Қожалының айтуынша, кейбір аймақтарда белгісіз тұлғалар байқаушылардың жұмысына кедергі келтіруге тырысқан.

«632 сайлау учаскесін қамтыдық. Сол учаскелерден 400-ден астам хаттама алдық. Жалпы сайлаушылардың дауыс беру үлесі, біздің ұйымның есептеуі бойынша, 69,44% болды. Бұл жолы «бәріне қарсымын» деп дауыс берушілер үлесі ОСК мәліметінде 5,8% болса, біздің ұйымның есептеуі бойынша одан сәл ғана жоғары. Одан бөлек, Түркістан облысы мен Шымкент қаласына жіберген 200 куәліктің түпнұсқасын белгісіз адамдар көшірмеге алмастырып жіберген. Уақыт қысқа болған соң тек 100 куәлікті ретке келтіріп үлгердік. Бұл сайлау бізге үлкен тәжірибе болды» – деп мәлімдеді Тоғжан Қожалы.
Ұйым өкілдерінің мәліметі бойынша, өзге бақылаушы ұйымдарға қарағанда «HAQ» байқаушылары белсенді болған. Учаскелердегі комиссия мүшелері де өзге байқаушыларға қарағанда дәл осы ұйымның өкілдерінен құжатты көбірек талап еткен. Алайда сайлау қорытындысы бойынша ресми ОСК ұсынған мәліметтер мен «HAQ» ұсынған деректер арасында үлкен айырмашылық жоқ.