Сәтбаев қаласының полицейлері ЖЭО-на «жарылғыш зат» қойылды деп хабарлаған мас ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының полиция бөлімінің кезекші бөліміне, белгісіз біреуден жылу электр орталығында жарылыс болатыны туралы хабарлама келіп түсті.
Аталған энергетикалық нысанға келген жедел-тергеу тобының қызметкерлері алкогольдік масаң күйде болған 27 жастағы ер адамды ұстады, ол кінәсін мойындады.
ЖЭО аумағында жүргізілген тексеріс нәтижесі бойынша жарылғыш зат табылмады. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.