Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Сәуегейлер енді басқаша сайрай бастады

26 қаңтар 2011, 13:03

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегендей, еліміздің басына сын сағаты туып, жаһандық дағдарыстың жалыны шарпығанда, экономикалық сарапшылардың, саясаткерлердің, сыншылардың Қазақстанға қатысты небір пікір айтқаны есте. Жасыратыны жоқ, сәуегейлердің басым көпшілігі үмітсіздік отын жағып, дағдарыстан шыға алмай дағдарып қалаты­ны­мызды айтып далбасалады. Алайда долбарлары дөп келмеді. Кеше Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төра­ғалығымен өткен Үкімет отырысынан осындай ой түйдік.
Премьердің Үкімет мүшелерін жи­нап алғандағы мақсаты – дағдарысқа қарсы күрес кезінде қабылданған бағ­дарламаларды қорытындылау, нә­тижесін тыңдау. Біздің білуімізше, Үкі­меттің, Ұлттық банк және қаржылық қа­дағалау агенттіктерінің экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыру бо­йынша бірлескен іс-қимыл жоспары, не­гізінен, бес бағытта жүргізілді. Бірін­ші – қаржы секторын тұрақтандыру, екін­­ші – жылжымайтын мүлік нары­ғын­дағы проб­лемаларды шешу, үшінші – ша­ғын және орта бизнесті қолдау, төр­тінші – аг­ро­өнеркәсіптік кешенді д­а­мы­ту, бе­сінші – инновациялық, ин­дус­триялық және инфрақұрылымдық жобаларды іс­ке асыру.
Бұл бағыттарға жауапты Үкімет мү­шелері тегіс баяндама жасады. Оның бәрін тізе берудің жөні болмас. Себебі күнде көріп, тыңдап жүрген баяндамалар. Тек әр бағыт бойынша қысқа қайыратын болсақ, қаржылық секторды тұрақтан­дыруға қатысты қабылдаған шаралардың арқа­сында екінші дәрежелі банктердің сыртқы қарызы 11 миллиард долларға қысқарған. Бірқатар банктердің ішкі міндеттері қайта құрылымдалып, сыртқы қарыздарды қайта қаржыландыру проблемасы шешілді.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларға келетін болсақ, халықтың мойнындағы қарыз ауыртпалығын же­ңілдету мақсатында 32 мың қарыз алу­шының ипотекалық қарызы төмендетілген ставкамен қайта қаржыландырылды. Сондай-ақ 389 нысан бойынша 53 мың үлескердің проблемасы шешілді. Бұған қоса, бүгінде 58 нысанның құрылысы аяқталып қалды. Бұл арқылы тағы да 13 мың үлескердің мәселесіне нүкте қо­йылмақ.
Шағын және орта бизнестің 3000-ға жуық (2874) субъектісіне жалпы 184,5 миллиард теңге болатын төменгі ставкалы несие берілді. Осы және тағы басқа биз­несті қолдау мақсатында жасалған ша­ралардың арқасында еліміз Бүкіләлемдік банктің Doing business рейтингісінде 71-орыннан 59-орынға көтерілді.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытына тоқталатын болсақ, «ҚазАгро» ұлттық холдингі импортты алмастыратын және экспортқа бағытталған өнім мақ­сатында жалпы сомасы 56,3 миллиард теңге болатын 60 инвестициялық жобаны мақұлдағанын атап өткен жөн. Бүгінде осы жобалардың 27-сі іске қосылды.
Бесінші бағыт – инновациялық, ин­дустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Бұл бағыт бойынша бүгінде «Бейнеу-Бозой» газ құбырының және Алматыдағы электр подстансысы құрылысы басталды. Атырау облысындағы газ және химия кешенінің, сондай-ақ «Қорғас – Жетіген, Өзен – Түрікменстан шекарасы» теміржол тораптарының инфрақұрылымы салына бастады. Бұған қоса, «Атырау мұнай өңдеу» зауытындағы хош иісті көмірсутектерін өндіру кешенінің құрылысын атап өткеніміз дұрыс.
Бұлардың барлығы дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасының дұрыс жүр­гізілуінен десек болады. Бұған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев былай деп ой қосады: «Бұл бағдарламаны егер Елбасы дер кезінде және өз орнымен қаржыландырмағанда, бағдарламаны жүзеге асыру мүмкін болмайтын еді. Бұл елдегі экономикалық саясаттың көрегендігін, ұтымдылығын көрсетеді ғой деп ойлаймын».
Ал Премьер-министр бұл бағыттар бойынша атқарылған шараларды жоғары бағалады. «Барлық негізгі бағыттар бо­йын­ша жұмыс істеген дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы айқын нәтиже берді. Бұған әрқайсыңыздың қосқан үлестеріңіз бар», – деді ол.
Бәрін айт та, бірін айт, осылардан кейін Премьер-министр өзіміздің және сырттағы сарапшылардың дағдарысқа дейінгі және дағдарыстан кейінгі айтқан пікірлерін көргісі келіп отыр екен. Тіпті бірқатарын көріп те үлгеріпті. Осыған байланысты Байланыс және ақпарат министрлігіне тап­сырма берді. «Сарапшылардың дағда­рысқа дейінгі және кейінгі Қазақстанға қатысты айтқан пікірлерін оқып шықтым. Бір қызығы, сарапшылардың дағдарысқа дейінгі пікірлері кейінгі айтылған пікірлерімен мүлдем қабыспайды. Екі сөз де бір адамның аузынан шыққан сияқты, бірақ екі пікір екі түрлі болып шыққан. Бір-біріне қарама-қарсы десем де болады. Бұл – біріншіден, Елбасының көреген сая­сатының арқасы. Онсыз экономикалық іс-шараларымыз еш нәтиже бермес еді», – деді Кәрім Қажымқанұлы. Оның ай­туынша, осындай шаралардың нәтижесінде елде саяси тұрақтылық орнап отыр. «Қазір кейбіреулері тіпті «елімізде дағдарыс болды ма өзі, анау айтқандай проблемалар басымыздан өтті ме?» деп ойланып жүр. Егер мұндай шаралар болмағанда, жағдай басқаша болар еді», – дейді Үкімет басшысы атқарылған шаралардың нәти­жесінде халықтың дағдарысты сезбей қал­ғанын айтып. Оның айтуынша, Елбасының жинап қалған қоры Халықаралық қаржы институттарына тәуелді етпеді. «Бұл – халық мүддесі үшін сауатты макро­эконо­микалық саясат жүргізуімізге мүмкіндік берді», – деді Премьер.
ТАПСЫРМА ЖАУҒАН КҮН
Енді  Үкімет басшының  ведомстволар­ға жүктеген тапсырмаларына келсек, «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі мен Қаржы министрлігі жұ­мы­сынан айырылуы бойынша жәрдемақы төлеудің төрт айлық мерзімінің орнына алты айлық мерзім тағайындау жөніндегі нормативтік-құқықтық актіні әзірлесін», – дейді Кәрім Қажымқанұлы.
Ал Экономикалық даму және сауда министрлігі, Қаржы министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрліктеріне шағын және орта бизнестің анықтау критерийлерін заңнамада үйлестіру қажеттігін ескертіп: «Бұл жайында қанша рет айттық. Ылғи бір-бірлеріңізге сілтейсіздер. Осыған қатысты шешім қабылдаймыз, оған дейін екі апта уақыт беремін. Әр кәсіпкерлік аясында (шағын, орта және ірі бизнес) мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын тағайындау керек», – деп тапсырды.
Сол секілді Қаржы министрлігіне шикізаттық емес кәсіпорындарды сауықтыру бағдарламасын әзірлеу жүктеліп, бұған 10 күн уақыт берілді. Табиғи монополияларды қорғау агенттігіне халықтың әлеуметтік жағдайы төмен тобын қорғау бұйырылды. Бұған Экономикалық даму және сауда министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тартылуы керек. Ал Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаевқа азық-түлік бағасына, әсіресе Орал, Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы бағаға ие болу қажеттігі тәптіштелді. Себебі Кедендік одаққа кірдік екен деп кейбір үстемдікке ие тұлғалар азық-түлік бағасын Ресейдегі бағаға теңестіріп қойып жатқаны байқалады. Премьер-министр осыны да анықтауды тапсырды.