Семей көшелерін көк мұз басты. 100-ге жуық адам зардап шекті

17 қаңтар 2022, 20:48

Семейде көктайғақтан 100-ге жуық адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Соңғы күндері Семей қаласының көшелерін көк мұз басқан.

 

Осыған байланысты бүгін 0-11 сынып оқушылары мектепке бармай, сабақты онлайн оқыды.

 

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, демалыс күндері шаһар бойынша көктайғақ салдарынан жарақат алғандар саны күрт өскен.

 

«Нақты айтқанда, 15-16 қаңтар аралығында медициналық мекемелерге 65 адам жүгінді. Ал 17 қаңтар күні әзірге зардап шеккен 36 адам, оның ішінде 6 бала тіркеліп отыр. Осы ретте, тұрғындарға көктайғақ кезінде барынша абай болу қажеттігін ескертеміз. Егер қандай да бір жарақат алсаңыз міндетті түрде дәрігерге қаралу керек», - делінген ақпаратта.

 

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында ауа райы қолайсыздығына байланысты бірқатар тасжол жабылғандығы хабарланған.