Семейде биыл 60,6 шақырым жол жөнделеді

01 сәуір 2022, 00:19

Семей қаласында осы жылы 60,6 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 3 жылда көлік-логистикалық инфрақұрылымды жақсартуға 11 млрд теңгеден астам қаражат жұмылдырылған. «Биыл 60,6 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Көлік кептелісін азайту мақсатында Шығыс кентіндегі Өскемен көшесін кеңейту жұмыстары басталады. Сондай-ақ жаңа мешіттің оңтүстік жағына 133,2 млн теңгеге екінші жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу көзделіп отыр», - дейді шаһар басшысы Бақытжан Байахметов. Оның айтуынша, қаладағы көлік көпірін реконструкциялауға 31,3 млрд теңге қажет. Жоба салалық министрлікке республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін жіберілген. Жолдағы қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін «Сергек» фотобейнетіркеу жүйесін іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ҚазАқпарат