Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Ішкі істер министрлігін келесі реформа күтіп тұр

18 қаңтар 2011, 14:08

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы ішкі істер органдарының жұмыс қорытын­дылары талқыла­нып, алдағы жылға басым міндеттері белгіленген ІІМ кеңейтілген ал­қа мәжілісіне қатысты.
ҚР Ішкі істер министрлігінде Қазақстан Президенті қазіргі заманғы сарапшылық-криминалистік және елдің ішкі істер органдарын жарақтандыратын басқа да мамандандырылған техникалармен, байланыс және қарулану жабдықтарымен танысты. Кеңейтілген алқа мәжілісі жұмысына министрліктің басшылық құрамы, комитеттер мен ішкі әскер құрылымдары, аймақтардағы ішкі істер департаменттерінің, қала, аудан желілік бөлімдерінің басшылары, ведомстволық оқу орын­дарының ректорлары қатысты.
Ведомствоның жұмыс нәтижелері туралы баяндама жаса­ған ішкі істер министрі С.Баймағамбетов Президент тапсыр­ма­лары бойынша қабылданған шаралардың елдің кримино­ген­дік ахуалының жаңаруына жағымды әсер еткенін хабардар етті. ІІМ жүйесін түбегейлі реформалау барысында алдымен жо­ғары халықаралық стандарттарға сай, азаматтардың құқығы мен бостандығын анағұрлым тиімді қорғауға бағытталған жа­ңа құ­қық қорғау жүйесін қалыптастыру басты міндет етіп қо­йылды. Қа­былданған шаралар нәтижесінде ауыр қылмыстар 12,5 пайыз­ға, аса ауыр қылмыстар саны 10 пайызға азайды. Мем­лекет басшысының тапсырмасымен полицияның ең басты мін­деттерінің бірі – ұйымдасқан  қылмыспен  күреске  басымдық  беріл­ді.
Былтыр ұйымдасқан қылмыстық топтардың қатысу­шы­ларына қатысты 900-ден астам қылмыстық іс қозғалды.
2010 жылы сегіз мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыс ашылып, заңсыз айналымнан 23 тоннадан астам есірткі шығарылды. ІІМ Миграция комитетінің қызметі арқасында миграция барысын қадағалау күшейтілді. Миграция туралы заңды бұзған 176 мың шетелдік әкімшілік жауапқа тартылып, оның ішінде 18 мыңнан астам заңсыз келімсектер елден шығарылды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты бағыты – жол қозғалысы. Қабылданған кешенді шаралар барысында жолдағы автокөлік апаты – 4 пайызға, жараланғандар – 6 пайызға, қа­за болғандар саны 3,5 пайызға кеміді. Жол үстіндегі тәртіп нығайтуға себін тигізетін ке­шенді шаралардың арқасында бейне­ба­қылау және жол қозғалысы ережелерін бұзу­шылықтарды тіркейтін автоматты жүйе орнатылды. Сөзінің соңында министр ре­фор­малаудың іс жүзіндегі маңызын және бастапқы кезеңі аяқталғанын атап өтті. Ішкі істер органдарының материалдық-техни­калық жабдықталуы жақсарып келеді, қа­жетті арнайы автокөліктер мен техникалар сатып алынуда. Полицейлер мен ішкі әскер қызметкерлері қылмыспен күрестің алдың­ғы шебінде өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Былтыр өз парызын орындау үстінде 19 қызметкер қаза тапты, 44 қыз­мет­кер жарақат алды. Батырлығы мен ерлі­гі үшін 35 қызметкер мемлекеттік наг­ра­далармен, оның ішінде бір қызметкер қайтыс болғаннан кейін марапатталды.
Алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігі­нің елдегі қоғамдық тәртіпті сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Бүгін ІІМ қорытынды алқа мәжілісінде ішкі істер органдары алдындағы маңызды мәселелерді талқылау үшін және алдағы уақытта міндеттерін айқындау үшін сіздер­мен арнайы кездесуге келіп отырмын. Ең алдымен мен біздің полицейлердің жұмы­сын жоғары бағалаймын. Сіздер қылмыс­пен күресте алдыңғы шепте жүріп, азамат­тарымыздың құқын қорғау жолында әр күн сайын өмірлеріңізді қауіп-қатерге тігесіздер. Ішкі істер министрлігі – елдің ең үл­кен құқық қорғау құрылымы, оның мін­детіне қоғамдық тәртіпті қорғау, қылмыс­пен күрестен бастап миграция мен жол қоз­ғалысын сақтау сияқты орасан зор жұмыс­тар кіреді. Сондықтан бүкіл еліміз­дегі құқықтық тәртіптің ахуалы сіздердің ведомстволарыңыздың жағдайына байланысты. Жалпы алғанда, ІІМ өзінің басты міндеттерін ойдағыдай атқарып отырғанын атап өту керек. Мен сіздердің ведомстволарыңызға ерекше көңіл бөліп отырамын. Соңғы бес жылда біз ІІМ қаржыландыруды бір жарым есе ұлғайт­тық. Бұл полицияны кең ауқымда тех­никалық қайта жарақтандыруға мүмкіндік берді. Басқару мен бейнебақылаудың автоматтандырылған жүйелері енгізілуде. Кириминогендік ахуалдың өзгеруіне байланысты әрекет етудің оперативтілігі артты, – деп атап өткен Елбасы бұл салада әлі де жұмылып істейтін жұмысты қажет ететін өзіндік мәселелер мен кемшіліктердің барын қаперге салды. Былтыр Президенттің бастамасымен құқық қорғау органдарының бірқатар бағыттарына реформа жүргізілген болатын. Бұдан кейін қандай жетістіктерге қол жеткізілді, қай бағыттар негізінде жұмыс істеу керек және қандай мәселелер шешілмей қалды деген жайттарды Елбасы алқа мәжілісінде пысықтау керектігін айтып өтті. Соңғы жиырма жылда экономика, сая­сат, мәдениет секілді басқа салалар өз­геріске ұшырап жатқан кезде құқық қорғау саласы да заманға сай алға жылжуы қажет. Президент Н.Назарбаев бұл бағытта бірқа­тар шаралардың қолға алынғанына тоқ­тал­ды. Мәселен, қылмыстық заңнаманың декриминализациялану мен гуманизация­лануының арқасында мыңдаған адамдар түрмеге тоғытылудан аман қалды. Күштік құрылымдардың ведомствоаралық жүйесі біршама оңтайландырылды. Есірткі қыл­мыс­тарымен – полиция, ал экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстары­мен қаржы полициясы айналысатын бол­ды. Министрліктің көпсатылы тергеу жү­йесіне реформа жасалды. Белгілі бір нәтижелер бар. Бірақ бұнымен шектеліп қалуға болмайды. Ал алдағы уақытта күштік құрылымды қандай міндеттер күтіп тұр, қандай бағыттар бойынша білек сыбана жұмыс істеу керек? Президент бұл бойынша бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.
Бірінші міндет ретінде Президент Н.Назарбаев Ішкі істер министрлігінің алдына биылғы жылы «Ішкі істер ор­гандары тура­лы» жаңа заңның мазмұнымен жұмыс істеп, оны 2012 жылдан қалдырмай қа­был­дауды тапсырды. «Бұл жерде жеңіл-жел­пі өзгерістер туралы емес, тұжырымдық пы­сықтау жұмыстары туралы айтылып отыр. «Ішкі істер органдары туралы» Заң­ның қабылданғанынан бері 15 жыл өтті. Ол кездегі заң басқа тарихи жағдайлар негізінде қабылданса, қазір біз басқа жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Сонымен қатар бұл біздің миллиондаған азамат­тары­мыздың, соның ішінде Ішкі істер минис­трлігінің он мыңдаған қызметкер­лерінің күнделікті өміріне қатысты заң бо­лып табылады», - деп толықтырды Елбасы.
– Екіншіден, құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалау аясында әлем елде­ріндегі қолданыстағы полицей мен тергеу­шінің функцияларын бөліп қарастыру мәселесінің бүге-шігесін зерттеу керек. Болашақта полицияның міндеті қылмыс­керді іздеу және ұстау, қылмыстарды тіркеу болуы тиіс. Дәлелді айғақтарды жинастыру мен сотқа жіберу міндеті тергеушіге жүк­телуі керек. Бұл жұмысты оңайлатып қана қоймайды, сонымен бірге сотқа дейінгі процедуралардың тиімділігін арттырады, – деген Елбасы, Елорда мен Алматы облысында тергеу қызметі мен криминалды полицияны біріктірудің пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатқанына тоқтала кетті. Үшінші бағыт ретінде қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі өндірісті оңтайлан­дыру мақсатында медиация институтын дамыту қажеттілігі атап өтілді. «Қылмыстық істер бойынша сот өндірісіне дейін оңтай­ландыру бағыты тараптардың ымыраға келу мүмкіндігін арттыратын медиация институтын дамыту болып табылады. Айыппұл салу, үй тұтқыны, түзеу жұмыстары секілді жазаның балама түрлерін пайдалану аясын кеңейтудің де маңызы бар», – деп атап өткен Елбасы Н.На­зар­баевтың пікірінше, жазаның балама түр­ле­рін пайдалану аясын кеңейту, бір жағы­нан, қылмыстық-түзеу жүйесінің жүкте­ме­сін біршама азайтуға көмектессе, екінші жағынан, бюджет үшін экономикалық оң тиімділікке ие болмақ. Бұл, бір жағынан, құ­қық қорғау органдарындағы репрессивті механизмді азайтады. «Төртіншіден, құқық қорғау органдарының, ең алдымен, ІІМ қызметін бағалау өлшемдерін өзгерту қажет. Құқық қорғау органдарының жұмы­сын бағалау кезінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу өлшемін қалдырған жөн. Ұсақ және орташа қылмыстарға кел­с­ек, олар құқық қорғау органдарының жұмысын бағалаудың маңызды өлшемі емес», – деген Президент таяуда бұл мәселені Қауіпсіздік кеңесі, Бас прокуратура және ІІМ шешуі қажеттігін тапсырды.
Президент Н.Назарбаев құқық қорғау органдарынан бесінші міндет ретінде жолдардағы жемқорлық әрекеттерді құртуды талап етті. «Жол қауіпсіздігі саласында тәртіп орнатуды, ең алдымен, жолдардағы жемқорлықтың тамырына балта шабуды талап етемін. 2011 жылы бірқатар елдердің, оның ішінде көрші елдердің тәжірибесін зерттеп, пайдалану қажет. Жол полициясының мәртебесі мен қызметін ұйымдастыруды өзгерту керек»,– деді Елбасы. Оның айтуынша, адамдарды жол полициясы қызметіне жұмысқа алған кезде полиграф пен жалған сөйлеуді анықтайтын детекторды қолдану керек және бұл техникалық құрылғыларды пай­далануды заң жүзінде рәсімдеу ләзім.
Алтыншы мәселе ретінде есірткі бизнесі және есірткі қылмысына қарсы күрес саласындағы Ішкі істер министрлігінің алдына қатаң талап қойылмақ. «Есірткі бизнесі мен есірткі қылмысына қарсы күрес саласындағы Ішкі істер министрлігі жұмысының маңыздылығын атап өткім келеді. Біз қазір бұл жұмысты әдейі Ішкі істер министрлігіне топтастырдық. Сіздерге қойылатын талап та өте қатаң болады», – деген Президент Қазақстан Ауғанстаннан Еуропаға есірткі тасымалдау дәлізінің жолында орналасқандықтан, есірткі қаупінің деңгейі өте жоғары, сондықтан да ІІМ-нің осы бағыттағы жұмысын бағалау да маңызды мәселелердің бірі болып табылатынына назар аудартты. Ал бұл бағыттағы жұмысты қорытындылағанда Қауіпсіздік кеңесіне Ішкі істер министр­лігімен және Ұлттық қауіпсіздік коми­тетімен бірлесе отырып, осы саладағы жағ­дайға мықтап сараптама жасауы жүк­телді. Жетінші міндет ретінде миграциялық саясатқа барынша көңіл бөлу тапсырылды. Өйткені заңсыз миграция қылмыспен, криминалитетпен тығыз байланысты болып келеді. Заңсыз миграция тасқы­ны­ның астында қалған еліміз бұған байла­нысты қатаң шаралар қолдануы тиіс. Се­гізін­ші үлкен мәселе ретінде ІІМ кадрлық саясатын жүйелі жолға қою жайы айтылды. Кадр даярлау, қайта даярлау жайы, по­лицейлердің әлеуметтік қорғалуы назарда болуы керек.